Семейде тұрғындар жаңа қазандықтың салынуына қарсы шықты

Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған тұрғындарының талабы қатты. Үйге іргелес жерде жаңа жылу қазандығының құрылысы басталғанына біраз уақыт болыпты. Содан бері жұмысы тәулік бойы тоқтаусыз жүріп жатыр екен.

Сая Амангелдинова, Семей қаласының тұрғыны:

- Құрылысшылар мас па, әлде сау күйде ме, белгісіз, әйтеуір төбелесіп, боқтасып жатқанын естиміз. Оның үстіне күні-түні балғаның тарс-тұрс да әбден мезі етті!

Тынышы қашқан тұрғындар бұл құрылыстың еш ескертусіз қалай басталып кеткенін білмей аң-таң. Айтуларынша, ешкім қазандық салынатыны туралы хабар беріп, көпшілікпен кеңеспеген.

Хасира Гизатуллина, Семей қаласының тұрғыны:

- Біз бармыз ба, жоқпыз ба, бәрібір сияқты әкімдіктегілер үшін. Бұл құрылысқа біз үзілді-кесілді қарсымыз! Керек болса, наразылық шарасын ұйымдастырамыз!

Үй мен жаңа қазандық арасын кішігірім балалар алаңқайы бөліп тұр. Құрылысы аяқталып, нысан іске қосылатын болса, айналаны қара түтін тұмшалап, аурушаң болып қаламыз ба деп үрейленеді тұрғындар.


Айнұр Нұрғалиева, Семей қаласының тұрғыны:

- Бұл жерде қазандық салынуы тиіс емес. Өйткені тұрғын үй тұр ғой. Ал мында қандай түтін болады бізге. Балаларымыздың бәрі ауырады, онсыз да барлығында аллергиялық ауру бар.

Күн ұясына батса да құрылыс жұмыстары бір сәтке тоқтар емес. Мұндағы тұрғындар наразылық білдіріп, қанша шағым айтса да құлақ асар адам жоқ.

Құрылысшылар болса бұл әкімдіктің тапсырысы, біз тек орындаушымыз дейді. Ал тұрғындардың не үшін шу шығарып жүргенін  түсінбей отыр.

Жұртқа мән-жайды түсіндіре алмаған шенеуніктер тілшілерге де мардымды жауап бере алмады. Ал жұмысшылар құрылысты осы айдың аяғына дейін бітіруі тиіс.