Семейде жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды

Ш.Кәрімовтың айтуынша, 26-мамырда 23 сағат 35 минутта жол полициясының кезекші бөліміне белгісіз біреу телефон шалып, Абай көшесіндегі №152 үйдің қарсы алдында бір жүргіншіні көлік қағып кеткенін хабарлаған. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары “зардап шеккен адамның тірі екенін білді. Ауыр жарақаттанған жан ауруханаға жатқызылды. Бірақ бес күннен кейін 42 жастағы жігіт қайтыс болды”,- деді тәртіп сақшысы.

Оқиғадан кейін тәртіп сақшылары оқиға куәгерлерінен көмек сұраған. “Куәгер көмекке келіп, шетелдік көліктің санын атап берді. Жуырда біз заң бұзушыны ұстадық. 29 жастағы жүргізуші автокөлігін жөндеп қылмыс іздерін жасыру үшін тіпті көліктің алдыңғы әйнегі мен қанатын сатып алған екен”,- деді Ш.Кәрімов.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, мамырдың 10 мен маусымның 10 жұлдызы аралығында елімізде “Қауіпсіз жол” атты шұғыл-профилактикалық шара өткізілуде. Мақсат – жол апаттарын азайту.

Ш.Кәрімовтың хабарлауынша, шара басталғаннан бері үш аптада Семейде жол қозғалысы тәртіптерін бұзған 900 оқиға тіркелді. 359 жүргізуші көлікті мас күйінде айдап жүрген. “5 айда Семей жолдарында 10 адам қаза тауып, 98-і жараланды”,- деді Ш.Кәрімов.