Семейде жөнделіп жатқан жол төңірегінде дау туды

Семейдің шетіндегі Қызыл Кардон ықшамауданының тұрғындары   жолдың жөнделіп жатқанына қуанғаннан бұрын ашуланып жүр. Жылда жыртығы жамалып қана келген оны биыл толықтай қалыпқа келтіруді қолға алыпты. Бірақ жұмыстары жарты жолда тоқтап қалған.

-Қазақстан мен Ресейді жалғастырып тұрған жолдың сиқы мынау. Жөндеу жұмыстарының басталғанына бірнеше ай болған. Алайда өткелдің беткі бөлігі жартылай ғана алынып, жұмыс тоқтап қалған.

Сиыры мен көлігі жағаласып жүретін жолдан күні бойы шаң көтеріліп, маңайдағы жұрттың шамына тиюде. Тынысымыз тарылып, тазалықты мүлде ұмыттық дейді ашулы тұрғындар.

Любовь Флемер, Семей қаласының тұрғыны:

-Айналадағы шаң бейне бір қыстағы боран сияқты. Түк көрінбей кетеді. Жуынып шықсақ та, әп-сәтте құрылыс алаңында болғандай кірлеп шыға келеміз.

Бұл көшемен өтетін жолдың халықаралық маңызы бар. Ресейден келетін меймандар осы арамен қатынайды.


Татьяна Левина,
Семей қаласының тұрғыны:

-Бұл өте ұят нәрсе. Көрші мемлекетке барсақ, кішкентай ауылдарында да жолдары тегіс, ал біз қалада тұрсақ та, осындай күйдеміз.

Ал әкімдіктегілер болса жұртты сабырға шақырып әлек. Мұндағы күрделі жөндеу жұмыстары тек келесі жылы аяқталады, сондықтан тұрғындарға төзім керек деп отыр.

Жанна Шаймұратова, Семей қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

-Жұмыс тоқтаған жоқ. Қазір онда электр мене байланыс сымдарын алмастыру жұмыстары жүріп жатыр. Олар он күннің ішінде аяқталуы керек. Жол жөнделіп біткен соң, кең әрі тегіс болады.

Алайда жұрт оған сенер емес. Жаз бойғы еңбек қысқы аяз бен көктемгі жылымықта босқа кетеді дейді. Жөндеу биыл аяқталмаса, бюджеттен бөлінген 2 млрд-тай теңге зая кетуі де мүмкін.