Семейде жұмыспен қамту орталығының бұрынғы қызметкері бюджет қаржысын жымқырғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айрылды

Семей қалалық әкімшілігінің жанындағы мемлекеттік құқықтық бөлімнің бастығы Еркін Уранхаевтың ақпаратына сәйкес , Семейдің "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығы" мемлекеттік басқармасына ревизиялық тексеру жүргізу нәтижесінде мамандарды кәсіптік қайта дайындау бөлімінің қызметкерлері 850 мың теңгені жымқыру дерегі әшкереленді. "Бұл қаржы жұмыссыздарды кәсіби оқытуға, олардың жолақысы мен қонақ үй ақысына бағытталуға тиіс болатын. Алайда қаржыны бөлім бастығы мен басқа да үш лауазым иесі иемденіп кеткен",- деді Е.Уранхаев.

Осы дерек бойынша бөлім бастығы, осы мекеменің екі маманы мен Семейдегі бір колледждің тәрбие жұмыстары жөніндегі әдіскерінің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің "Сеніп тапсырылған басқаның аса ірі көлемдегі мүлкін иемденіп алу немесе талан-таражға салу" жөніндегі 176-бабы, 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот бөлім бастығының мүлкін тәркілеп, бес жылға бас бостандығынан айыруға, жазаны жалпы тәртіпті абақтыда өтеуге, мемлекеттік қызметке қатысы бар лауазымға тұру құқығынан үш жылға дейін айыруға үкім шығарды. Әдіскерге бір жылға сынақ талабымен шартты жаза жүктелді. Ал бөлім қызметкерлері жазадан рақымшылыққа байланысты босатылды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті