Семейде жылу маусымы жанжалмен басталды

Семей шетіндегі Шығыс ықшамауданы жұртының шенеуніктерге деген өкпесі қара қазандай. Жылу маусымы бірнеше күн бұрын басталғанымен, мұндағы 50-ден астам көп қабатты үй орталық құбырға қосылмаған. Мұндай бұйрықты қала әкімінің өзі берген көрінеді.

Күлән Бекбұтова, Семей қаласының тұрғыны:

- Қала әкімі қарыздар төленбейінше, Восточныйды жақпаймыз деді! Бұл қандай жағдай?! Не деген сұмдық!? Натуральным образом ойнап отыр! Біздің уақытта адам итпен тең болып кетті!

Тұрғындар әкімдік өкілдері ел арасында іріткі салып жүр деген ойда. Себебі жылудың берілмеуіне қарыз емес, отынның жоқтығы түрткі болған көрінеді. 

Қазандық басшысы болса, кінәнің бәрін тұрғындарға жабуда. Сөзіне қарағанда, көп қабатты үйдің иелері баспанасын қысқа мүлдем қамдамаған. Оның үстіне жылу беру туралы нұсқау да әлі түспепті.


Владимир Колозов, Қазандық басшысы:

- Біз тек бұйрықты күтіп отырмыз. Қос десе қосамыз. 100-ға пайыз дайынбыз. Көмір керек болса сұраймыз, бірден әкеледі. Тұрғындардың өздері жылуды қабылдауға әзір емес.

Алайда тұрғындардың мұндай уәжге тоқтайтын түрі жоқ. Ашынған бұқара түйіткілді тез арада шешуді талап етіп отыр.

Жамал Сазанбаева, Семей қаласының тұрғыны:

-  Басқа амалымыз қалмады! Қайда барып щағымдансақ та, ешкім құлақ аспайды. Жылу берілмесе, орталық көшенің жолын жабамыз!

Дау саябырсығанымен, пәтерлерге жылу әлі келмеген. Қалтыраған қарашаның енді жылытқыштарын қосып, қабат-қабат көрпеге оранудан басқа амалы қалмады. Тығырыққа тірелген 500-ден астам пәтер иелерінің қашан жылуға жаритыны әзірге белгісіз.