Семейді жылумен қамту халықтың төлемді уақытылы төлеуіне тікелей байланысты - "Теплокоммунэнерго" ҚКК

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Семейде коммуналдық кәсіпорындарды көмірмен қамтамасыз етуге байланысты күрделі ахуал қалыптасты. "Теплокоммунэнерго" ҚКК "Қаражыра" разрезіне берешек 90 млн. теңгенің 44 млн. теңгесін ғана өтеген. Соның салдарынан көмір кеніші қаладағы қазандықтарға отын беруді доғарды. Осыған байланысты қалалық әкімшілік тұрғындардан жылу берушілердің қызметі құнын төлеуді сұраған.

О.Исмаиловтың айтуынша, қазір "Қаражыра" көмір кенішімен арадағы қарым-қатынас реттелді. "Соңғы күндері біз берешектің 72 млн. теңгесін өтедік, енді 18 млн. теңге қарызымыз бар",- деді О.Исмаилов. "Біз көмір кеніші басшылығымен келісімге келдік. Қазіргі жағдаймен қалада 11 мың тонна көмір бар. Сонымен бірге күн сайын 40-50 вагон отын жіберіледі. Сөйтіп, ендігі жерде отын тапшылығы болмайды",- деп сендірді ол.
Қазіргі жағдаймен Семейліктердің коммуналдық кәсіпорын алдындағы берешегі 200 млн. теңгені құрайды. "Әсіресе, тұрғындардың жаңа жыл қарсаңында берешекті өтеуінің маңызы зор. Өйткені, мереке кезінде бірнеше күн банктер жұмыс істемейтіндіктен тағы да проблемалар туындауы мүмкін",- дейді О.Исмаилов. Оның айтуынша, "Теплокоммунэнерго" ҚКК қазір берешекті өтеттіріп алу жөніндегі топтардың санын арттырды. Сондай-ақ, кәсіпорын 60 млн. теңгенің қызмет құнын мәжбүрлі өтетіп алу туралы сотқа шағым берді.