Семейлік шенеуніктер инватаксиді тоқтатамыз деп мүгедектерге сес көрсетті

Семейдің орталық алаңына жиналған мүгедектердің қабақтары қату. Себебі, күнделікті инватакси қызметін қолданып жүрген олар, тегін тасымалдау жақында тоқтауы мүмкін екенін естіпті. Олай болса, діттеген жерлеріне жетуден қаламыз деп алаңдайды.

Ринат Мұсабаев, бірінші топтағы мүгедек:

-Қиын болады, автобустарға кіріп-шығу қиын, таксилер алмайды бізді. Көрсе, есік-терезелерін қымтап алады. Қазір бар, шақырасың, уақытында келеді.

Жергілікті мүгедектер қоғамы орталықтағы ғимараттан бірнеше бөлме жалдап отыр. Ақысы арзан, әрине. Қазір мұнда инватакси қызметімен қоса, тігін цехі сияқты бірнеше шағын мекемелер орналасқан.

Бұл бөлмеде мүгедектерге арналған арбаларды жөндеу қызметін ашу жоспарланған еді. Қажетті құрылғылар да сатып алынды. Алайда ғимараттан көшу мәселесі көтерілген соң, олар әлі шаң басып жатыр.

Жақында әкімдіктегілер бұл орынды босатуды талап еткен. Орнына қаланың шетінен кеңсе ұсыныпты. Алайда оған арбаға таңылған мүгедектерге жету қиын. Ал өзге ғимараттарда ақы тым қымбат екен.

Ерлан Қабдолдинов, Семей қаласы мүгедектер қоғамының төрағасы:   

-Әкімдіктегілер бізді осы орыннан бас тартты деп айтады. Олай емес. Бізге керісінше орталық ыңғайлы. Барлық тегін қызметті бір жерден көрсеткеніміз дұрыс. Биліктегілер бізді қудаламай, қолдау көрсетсе дейміз.

Шенеуніктер бұл жағдайға қатысты түсінік беруден бас тартты. Әлеуметтік мекемедегілер бұл ғимаратта енді қанша отыратындарын білмей отыр. Жалпы, қаладағы 2 мыңдай кемтарға 3 инватакси көлігі ғана қызмет көрсетіп жүр. Мүгедектер бұған дейін аздық еткен арнайы көліктердің өзінен қағылмасақ екен деп тілейді.

Loading...