Журналист "Сен мәңгі 24-тесің, құлыным", - деп жазып, 4 жыл бұрын жазған жазбасымен бөлісті.
"27 жыл бұрын дәл осы күні мен өмірге сәби әкеліп, Ана атанып, нәрестемнің жұпар иісіне мас болып... балапаным омырауымды алғаш емгенде Ана деген құдіретті сезімнің қандай болатынын 62 тамырыммен сезінген едім...
Абзал... Абока... Абоси... Абози... Абжони... Абжо... Әбе... Абызым-қобызым...
Оны еркелетіп осындай аттармен атайтынбыз...
Мына қара дипломатты Абзалым 9-10 сыныпта ұстаған еді... мына дәптерлер құлынымның 1 сыныптан 10 сыныпқа дейінгі дәптерлері еді... әсіресе бастауыштағы дәптерлерін, қолына қалам алып, алғаш жазған жазуларын қоқысқа тастамай сақтайтынмын... Мектепті 7-8 сыныпқа дейін тек "бестікпен" оқыды... кейін "төрттік" араласты... 3-4 рет мектеп ауыстырдық, қай мектепке "жаңадан келген оқушы" болып барса да, көпшіл, ақкөңіл мінезімен жаңа коллективке тез сіңіп, сыныптастарымен тез достасып кететін...
Мына дәптерлердің арасында "Жақсы көру" дәптері бар, өз инициативасымен 2 сыныпта бастаған, бір-бірімізге тілек жазып, кімді, нені жақсы көретінімізді жазып жүретін дәптеріміз еді...
1 сыныпта оқып жүрген кезінде, "Анашым, мен ақын болдым ғой, тыңдаңызшы, мен сізге арнап өлең шығардым ғой..." деп таңғы 6-да мені оятып, өзі шығарған өлеңін оқып бергені бар:
Айналайын анашым,
Мәпелеген баласын.
Мейірімді анасын
Жақсы көреді баласы!" дегенде, жүрегім елжіреп, құшақтап, "ой, жарайсың! Нұргүл тәтесі, естідің бе, менің балам ақын болды, маған арнап өлең шығарды!.." деп, қуанып, сүйіп, тағы да оқышы деп..., рахаттанып күліп едім...
7-8 сыныптарда машинаның суретін салу хоббиі болды...
Екі жарым жылдан бері Абызымның суреттеріне де, видеоларына да қарай алмай, қарасам, қиналып... содан альбомдарын, суреттерін, осы дәптерлерін... бәрін шкафтың алыс түкпіріне салып тастаған едім...
Бүгін 27-ге толар едің ғой, жарығым...
Сап-сары сағынышым", - деп жазды журналист.