Қаржы сарапшысы жасаған даулы мәлімдеме қоғамда сынға ұшырады. Caravan.kz медиа порталының тілшісі ол қандай мәлімдеме екенін анықтап білді.
Кеше Atameken Business Instagram парақшасында «Дневной формат» бағдарламасының тікелей эфирінен үзінді жарияланды. Онда қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев Еңбек кодексіне енгізілетін өзгерістер туралы пікір білдірген. Нақытарық айтсақ, жалғызбасты ата-аналарды жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан шығаруға шектеу қою мәселесі талқыланды.
Сарапшы «бұл бизнеске қиындық тудыра ма?» деген сұраққа жауап бере отырып, жұмыс берушілердің көзқарасын мысалға келтірді. Оның айтуынша:
"Қазақстанда жұмыс берушілер «ең қолайлы жұмысшы» ретінде 35–37 жастағы ажырасқан, екі баласы бар әйелді көреді".
Оның сөзінше, кәсіпкерлер арасында жүргізілген сауалнамаларда «орташа жақсы қызметкердің» бейнесі осылай қалыптасқан.
Жұмыс берушілердің сөзінше, мұндай жағдайда одан артық еңбекқор адамды табу қиын. Себебі ондай әйел жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды. Ол өз құқығын талап етіп, жұмыс берушіге шарт қоятын жағдайда болмайды.
«Өйткені оған қалай болса да ақша тауып, күнін көру керек, балаларын асырау керек, әрі ол жалғыз», - деді спикер.
Бұл пікір әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Көпшілік қолданушылар «мінсіз қызметкер» ретінде кәсіби біліктілік емес, адамның өмірлік жағдайының аталуын сынға алды.
«35 жастан асқан, балалары бар әйел - бұл ең алдымен жауапкершілік, тәртіп және басқару тәжірибесі. Бірақ оның өмірлік жағдайын пайдалану дұрыс емес. Егер қызметкердің құндылығы оның “құқық талап ете алмауымен” өлшенсе, бұл компания мәдениетінің мәселесі. Күшті бизнес әріптестікке негізделуі керек», - деп жазды anastasja_knk.
«Спикер бүкіл ел алдында Қазақстандағы бизнестің негізгі ауыртпалығын әйелдер көтеріп жүргенін мойындады», - деп пікір қалдырды tamara_temirgalieva_umbetovа.
«Мұндай сөздерді естудің өзі қорқынышты. Әйел осылай жұмыс істеуге мәжбүр, себебі әкесі балалардың болашағына жауапкершілік ала алмай отыр», - деп жазды katrin_cherkassova.
«Олар “ең ыңғайлы әрі құқығы қорғалмаған жұмыс күші” дегісі келген сияқты. Өте өкінішті», - деді emilia rouniverse.
Айта кетейік, Ayel телеграм арнасының мәліметінше, 2022 жылы Қазақстанда ерлер мен әйелдердің жалақысы арасындағы айырмашылық 33,7% болған. Сол жылы ерлердің орташа айлығы 355,3 мың теңге болса (жылдық өсім - 26,3%), әйелдердің орташа айлығы 265,8 мың теңгені құраған.
2023 жылы HeadHunter платформасы жүргізген зерттеуде әйелдердің жалақыға қатысты күтуі ерлерден шамамен 20%-ға төмен екені анықталды. Сонымен қатар, жұмыс берушілердің 96%-ы кемінде бір рет белгілі бір жыныстағы қызметкерлерді әдейі іздегенін айтқан.
Зерттеу бойынша, әйелдер арасында ең кең таралған мамандық - бухгалтер, ал ерлер арасында - жүргізуші. Сондай-ақ әйелдер көбіне ерлерге қарағанда төмен жалақыға келісуге бейім екені айтылған.
Cтатистикаға сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда 1 миллионнан астам әйел шағын және орта бизнесті басқарады, бұл шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы санының 48,1%-ын құрайды. Әйелдер экономиканың түрлі секторларында, әсіресе саудада, білім беруде, сұлулық индустриясында, әлеуметтік бағдарланған жобаларда кәсіпкерлік қызметпен белсенді айналысуда.