Екінші ақырғы оқылымда заң талқылаусыз қабылданды. Сенаттың 36 депутаты түгел жобаны қолдап дауыс берді. Заң мемлекет басшысының қол қоюына ұсынылды.
Журналистерге парламенттің шешімі туралы түсініктеме берген еліміздің мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев президент бұл заңға вето қоймайтынына сенімді екенін білдірді. “Мемлекет басшысының вето қою құқығы бар. Бірақ мен барлық түзетулердің Ата заң мен қолданыстағы заңнама аясында екенін, олардың қолданыстағы БАҚ туралы заңның шеңберінен шықпағанын мәжілісте де, сенатта да дәлелдеп бердім және оған көзім жетеді. Бұл жолы БАҚ туралы заңға қатысты осыдан үш жыл бұрынғы жағдай қайталанбайды дегенге кәміл сенемін”, деп мәлімдеді Е.Ертісбаев.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, “БАҚ мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы”заңның жобасын еліміздің мәдениет және ақпарат министрлігі жасаған. Қолданыстағы заңнамаға енгізілетін түзетулердің көмегімен бұқаралық ақпарат құралдарын тіркеуге алу және қайта тіркеу үшін алым-салық жинауды заңдастыратын норма енгізу ұсынылып отыр. Заң жобасының нормалары тіркеуге алудан бас тартуға себеп болатын негіздердің тізімін арттырады. Мәселен, алым-салық төленбеген жағдайда; қожайын өзгеруге байланысты БАҚ-ты қайта тіркеу туралы өтінішке қоса меншіктену құқығын өткеріп берілгенін растайтын нотариуспен бекітілген келісім-шартын әкелмеген жағдайда; атауы мен тақырыптық бағыттары бірдей ақпараттық басылымды тіркеуге алу туралы өтініш берілген жағдайда тіркеуден бас тартылмақ.
Заңда БАҚ тіркеуге тұрғаннан кейін алғаш рет шығатын мерзімді 6 айдан 3 айға дейін қысқартылды.
Сонымен бірге заң нормаларымен бас редактор болып тағайындалуға құқығы жоқ адамдардың тізімін кеңейту көзделген. Атап айтсақ, бұған дейін бас редактор қызметін атқарған, бірақ, солардың кінәсіне байланысты БАҚ-ты басып шығару немесе, эфирге шығару соттың шешімімен доғарылған азаматтар бас редактор болып тағайындала алмайды. Заңға сәйкес тыйымның күші 3 жыл болады деп белгіленді.