Сенат депутаттары көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға жәрдемақының мөлшерін 50 пайызға көбейту туралы ұсыныс жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Сіздер білесіздер, елімізде көпбалалы жанұялардың саны көп. Сенат депутаттары халықтың табысы мен өмірінің сапасын көтеруді ұсынды. Жәрдемақылардың мөлшерін 50 пайызға көтеруді, оған қоса "үлкен отбасы" бағдарлмасын құруды ұсынамыз. Ол бағдарламада көпбалалы отбасылардың салығын азайту туралы шешім болуы керек. Себебі, олардың мемлекет ұсынатын тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламаларына қатысуға мүмкіндіктері жоқ. Олар қолайсыз және тар үйді жалға алып тұрады. Сондықтан, олар үшін баспана алуға бөлек кезекте тұратын, алдын ала төлеу мен бастапқы төлемақысыз үй алу мүмкіндігін барлық қала мен ауданда жасауымыз керек", - деп оқыды сенатор Мұрат Бақтиярұлы Парламенттің жоғарғы палатасының жалпы отырысында депутаттардың ұсынысын.
Депутаттардың пікірінше, тұрғын үйді салатын кәсіпкерлерге салық жеңілдігін беру керек.
"Біз көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың жиналып қалған мәселелерін тез арада шешу мүмкін еместігін білеміз. Бірақ, оған қарамастан, халықты әлеуметтік қорғау үшін, олардың ішінде көпбалалы отбасыларға арнайы әлеуметтік бағдарлама құрумыз керек. Бағдарламада көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қорғау шараларын белгілеу қажет", - деді ол.
Осыған дейін Әлихан Смайылов көпбалалы отбасыларға әр балаға 20 мың теңгеден беріп отыру мүмкін екенін айтқан.
6 ақпанда қазақстандық көпбалалы аналар билікке үндеу жасады. Елордалық әйелдер үндеулерінде отбасындағы әр балаға ай сайын 20 мың теңге көлемінде жәрдемақы беруді, олардың тегін тамақтануын, оқушылар үшін қоғамдық көліктерді тегін етуді, сондай-ақ, ЖОО-ларда тегін білім алу мүмкіндігін беруді, аналар мен балаларға емді тегін етуді талап етті.
Айта кетейік, Астана балалар үйінің экс-директоры Динара Зәкиева көпбалалы отбасыларды қолдау үшін асырап алушылардың тәжірибесін қолдануды ұсынған. Ол дегеніміз - әрбір балаға жәрдемақыны 10-20 АЕК көтеруді ұсынды. Ол 25 пен 50 мың теңге аралығында.
"Бес-алты балаға 20 АЕК берілсе, ол төленетін орташа айлықпен тепе-тең, жәрдемақы осындай болса аналардың жұмысқа шықпауына болады", - деген еді Зәкиева "Нұр Отан" партиясының республикалық балаларды қорғау кеңесінде.
"Нур Отан" партиясының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жәрдемақыдан бөлек, көпбалалы отбасыларды баспана, салық жеңілдігі мен балаларды оқытуда көмек көрсету туралы ұсыныс айтты.