Заң жобасын таныстырған еліміздің қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов алғашқы оқылымда қарау барысында : "кодекстің жобасында қоршаған ортаны қорғау тетіктерін жетілдіруге қажетті барлық нормалар енгізілген",- деген.
Экологиялық кодекс қабылданғаннан кейін "Қоршаған ортаны қорғау туралы", "Экологиялық сараптама туралы", "Атмосфералық ауаны қорғау туралы" заңдар мен 80-ге жуық заңға бағынышты актілер күшін жояды.
"Экологиялық кодекс қоршаған ортаның құрамды бөліктері ретінде табиғи ресурстарды қорғаудың біртұтас экожүйелік принциптерін белгілейді және қоршаған ортаны қорғауды экономикалық реттеуді кешенді әрі жүйелі реформалауды қарастырады",- делінген үкіметтің заң жобасына берген түсініктемесінде. Мәселен, кодекске экономикалық реттеудің мынадай түрлері енгізілген: қоршаған ортаны қорғау саласындағы шараларды жоспарлау мен қаржыландыру; арнаулы табиғат пайдаланғаны үшін төленетін салықтар мен алымдар; қоршаған ортаға келтірілген шығынды экономикалық тұрғыда бағалау; қоршаған ортаны қорғауды экономикалық тұрғыда ынталандыру; экологиялық сақтандыру т.б.
Сонымен бірге заң жобасын мәжілісте қарау барысында депутатардың ұсынысымен экологиялық ақпараттарға қол жеткізу мүмкіндігі мен ұлттық экологиялық атлас жасау жөніндегі ұсыныстар қабылданды. Жергілікті атқарушы билік органдарының қоршаған ортаны ластаушы кәсіпорындарға ықпалын күшейту жөніндегі норма қабылданды. Соған сәйкес мәслихаттар ауа, су және топырақтағы ластаушы заттардың сол аумақта қолайлы концентрациясын бекіте алады. Сонымен бірге қалдықтарды сақтау мерзімін шектеуді ынталандыратын нормалар енгізу жөніндегі ұсыныс та қабылданды.
"Экология мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының мақсаты - Экологиялық кодекстің ережелерін жүзеге асыру үшін 14 заңнамалық актіге түзетулер енгізу.
Заң жобасы екінші оқылымға дайындау үшін сенаттың салалық комитетіне ұсынылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті