Сенат «Масс-медиа туралы» заңды мақұлдады

Палатаның Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Қапбарованың айтуынша, «Масс-медиа туралы» заңға мынандай жаңашылдықтар енгізу көзделген:

Бірінші, мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына отандық контентті дамыту, Қазақстан Республикасының ақпараттық егемендігін нығайту және қорғау үшін гранттық қаржыландыру берілетін болды;

Екінші, бұқаралық ақпарат құралында жарияланған ақпараттар бойынша жеке немесе заңды тұлғалардың талап қою мерзімі бір жыл болып белгіленді;

Үшінші, БАҚ сұрауларын қарау мерзімі 7 жұмыс күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды;

Төртінші, БАҚ қызметіне өзін-өзі реттеуге, медиа саланы дамытуға мүмкіндік беру мақсатында ерікті негізде қоғамдық-кәсіптік кеңес құруға және журналистердің әдеп кодексін әзірлеуге мүмкіндік берілді;

Бесінші, Мемлекеттік тілдегі теле, радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемін 50% - дан 60% - ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту белгіленді (2025 жылдан бастап 55%, 2027 жылдан бастап 60%); Алтыншы, отандық теле, радио бағдарламалардың және қазақстандық авторлардың/орындаушылардың музыкалық шығармаларының отандық теле, радиоарналардағы көлемін 50% - дан 60% - ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту (2025 жылдан бастап 55%, 2027 жылдан бастап 60%) көзделді;

Жетінші, отандық теле, радиоарналардағы шетелдік бағдарламалардың ретрансляциясын 20% - дан 10% - ға дейін азайту% белгіленді;

Сегізінші, журналистің кәсіби қызметінің құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету жөнінде нормалар енгізілді.

Сондай-ақ, ол қолданыстағы ұлттық заңнамада кездесетін «бұқаралық ақпарат құралдары» сөзі «масс-медиа» сөзімен ауыстырылатынын атап өтті.