Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, заң жобасы үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызды жобаларды шешуге мемлекеттік бюджет қаржысының есебінен кеңінен атсалысуына құқықтық негізді қамтамасыз ету және халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасы мен көлемін арттыру мақсатымен жасалған.
Сенаторлар заң жобасына редакциялау және нақтылау сипатындағы бірқатар түзетулер енгізді. Мәселен, олар мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асырудың құқықтық тетіктері, қарым-қатынас субьектілері мен заңнамалық негіздерін нақтылады. Сенат депутаттары сондай-ақ өз түзетулерімен әлеуметтік мақсаттарды жүзеге асыру бағыттарын толықтыра, нақтыландыра түсті.
Бұған қоса сенат депутаттары "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңға толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қарап, өз түзетулерімен қоса мәжіліске кері қайтарды. "Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы" заңға сәйкес жобаланған бұл түзету байқауға өтініш бермей-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алу ісін заңдық тұрғыда реттеуге бағытталады.