Сенат Қазақстан мен Солтүстік Атлантикалық Альянс арасындағы қауіпсіздік туралы келісімді жабық жағдайда бекітеді



Мұндай шешім ҚР қорғаныс министрлігінің өтінішіне сәйкес қабылданды. Сенаттың 26 депутаты "жабық режим" үшін дауыс берсе, төрт адам қарсы болып, біреуі қалыс қалды.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Солтүстік Атлантикалық Альянс арасындағы қауіпсіздік туралы келісім 1996-жылдың 31-шілдесінде Брюссельде хатталған. Келісімге сәйкес Қазақстан жүктеп алған міндеттемелердің орындалуына жауапты ұлттық орган ретінде қорғаныс министрлігі айқындалған.
Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің қорытындысында атап көрсетілгеніндей, "келісім Солтүстік Атлантикалық Альянстың "Бейбітшілік үшінгі әріптестік" бағдарламасы аясындағы ықпалдастық барысында алмасылатын маңызды ақпараттарды қорғау жөніндегі тараптардың міндеттемелерін заңдастыруға бағытталған".
"Келісімді бекіту Қазақстанға Солтүстік Атлантикалық Альянстың "Бейбітшілік үшінгі әріптестік" бағдарламасына толыққанды атсалысуға мүмкіндік береді. Ал ол өз кезегінде тараптардың өзара ынтымақтастықты пәрмендендіруге деген талпынысына сай келеді",- делінген комитеттің қорытындысында.
Комитет құжатындағы түсініктемеге жүгінсек, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік құпиялар туралы" заңына сәйкес, мемлекетті кұпияға жататын деректер мен мәліметтерді халықаралық келісімге қол қойған шетелдік мемлекеттерге беру мүмкіндігі қарастырылған. Алайда, Солтүстік Атлантикалық Альянс мемлекет емес болғандықтан, Одақтың "Бейбітшілік үшінгі әріптестік" бағдарламасы аясында сұрап алатын ақпараттарына "Мемлекеттік құпиялар туралы" заңның құзыры жүрмейді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті