Сенат тұрғын үй қатынасына қатысты заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға өз түзетулерін енгізіп, мәжіліске кері қайтарды

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бұл заң жобасын парламент мәжілісінің бір топ депутаттары ипотекалық несиеге тұрғын үй сатып алып, төлем қабілетінен айрылып қалған адамдардың проблемасын шешу үшін жасаған. "Жилстройбанк" ЖАҚ-ның заңды мұрагері болып табылатын "ЦентрКредитБанкі" ЖАҚ-нан 1993-жылы жеңілдетілген шартпен тұрғын үй сатып неимесе салып алуға ұзақ мерзімді несие алып, экономикалық дағдарысқа байланысты төлем қабілетінен айрылып қалған адамдарды қорғау көзделген. Депутаттар ұсынған өзгерістер жергілікті атқарушы мекемелерге қарызын қайтара алмайтын адамдардың тұрғын үйін сатып алып, бұрынғы қожайындарға үйді коммуналдық меншік түрінде жалға беруге жол ашады.

Заң жобасын дәйектеу барысында сенаторлар оның кейбір нормалары Азаматтық кодекс пен мүлік ипотекасына қатысты заңнамалық актілердің негізгі ережелеріне сәйкес келмейтінін анықтады. Атап айтсақ, заң жобасының 1-ші тармағында Елбасының "Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы" заң күші бар жарлығына өзгеріс енгізу қарастырылған. Оған сәйкес, жергілікті атқарушы органға жылжымайтын мүлікті кепілзат иесінің қарызына тең бағаға сатуға рұқсат берілген. Сенаторлардың пікірінше, бұл норма Азаматтық кодекстің 319-шы бабына қайшы келеді. Бұл бапта ипотеканы жариялы сауда-саттық арқылы сату көрсетілген. Онда да сатып алушыны алдын-ала анықтап алуға тыйым салынады. Сондай-ақ, сенаторлардың пайымдауынша, құқық беруде несие алушыдан қаржыны талап ету құқығын екінші біреуге беру арқылы жүзеге асыру жөніндегі Азаматтық кодекс нормасына бағынған дұрыс. Бұл ретте құқық беру жөніндегі келісім-шарт талаптарын үкімет айқындауы тиіс.