Сенат жеке және заңды тұлғаларды біртұтас есепке алу жүйесін енгізуді көздейтін заң жобасына түзетулер енгізіп мәжіліске қайтарды

"Заң жобасын талқылау барысында құжатқа кейбір өзгерістер енгізу қажеттігі туындады. Атап айтсақ, кейбір нормалар Қазақстан Республикасының "Салық салу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі" заңмен сәйкестендірілді", деп мәлімдеді аталмыш заң жобасы бойынша баяндама жасаған сенат депутаты Серік Ақылбай.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, заң жобасының тұжырымдамасы заңды және жеке тұлғалардың идентификациялық номерлерінің ұлттық реестрінің ақпараттық жүйесін құру арқылы жеке және заңды тұлғаларды біртұтас есепке алу жүйесін қолданысқа енгізуге бағытталады.

Заң жобасы идентификациялық номерлердің ұлттық реестрлерін құру мақсатында жеке (заңды) тұлғаны біртұтас идентификациялық (бизнес-идентификациялық номер) номерге көшіру бағдарламасына сәйкес жасалған.

Қазірде жеке және заңды тұлғаларды есепке алудың бірнеше жүйесі (Әлеуметтік жеке код-СИК, Салық төлеушінің тіркеу номері -РНН, ID-код) қолданылатындықтан, заң жобасында жеке тұлға үшін, соның ішінде жеке кәсіпкер үшін Жеке идентификациялық номер (ИИН), ал ал заңды тұлға үшін бизнес-идентификациялық номер (БИН) жасалуда.

Заң жобасын жасаушылардың пікірінше, идентификациялық номерлерінің ұлттық реестрін құру мемлекеттік қызметкерлердің еңбек шығындарын азайтуға түрткі болады. Оларды тұрғындардан жинаған ақпараттарды бірнеше мәрте енгізу тауқыметінен құтқарып, қазіргі бар және жобасы жасалып жатқан мекемелік есепке алу жүйелері арасындағы сәйкессіздік проблемасын шешеді.

Заңды жүзеге асыру бюджеттен шығындар шығаруды талап етеді. Өйткені, заң жобасында көзделгендей, қайта рәсімдеуден кейін таратылатын идентификациялық құжаттардың құны бюджет қаржысының есебінен өтеледі. Ол үшін бұрындары берілген құжаттарды тіркеуші мекемеге тапсыру керек.

Депутаттар сонымен қатар "Идентификациялық номерлердің ұлттық реестрі жөніндегі мәселелер бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі" заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады. Соған сәйкес 15 заңнамалық актіге өзгерістер енгізілмек.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті