Сенатор Ерғалиевке «Скат» компаниясы жауап қайтарды

Соңғы уақыттажұрттың үрейін ұшырып жүрген әуе компаниясының ізіне бүгін сенатор Ерғалиев майшам алып түсті. Себебі, іссапарға «Скат»-тың  ұшағымен жиі ұшатын халық қалаулылары да өз өмірлеріне алаңдаулы екен. Сондықтан, премьер-министр Кәрім Мәсімовтен «Скат»-тың лицензиясын тартып алып, дереу жабуды талап етті.

Жабал Ерғалиев, Сенат депутаты:

-  1-ақ рет берілген өз өмірлерімізді «Скат» әуе компаниясының жиі-жиі тіпті аптасына 2 мәрте сынып тұруларына бұдан-былай жол бермеу қажеттігін жан-жақты ойлайтын кез келді деп санаймыз. Алда жаз айы келе жатыр. Көптеген отандастарымыз жазғы демалыстарын өз бала-шағаларымен алыс және жақын шетелдерде өткізуге асығатындары сөзсіз.

Сондықтан сақтанбаса болмайды. Ал сенатордың шыдамын тауысқан – мына соңғы оқиға! Ішінде жүзге тарта жолаушысы бар Шымкенттен Астанаға бағыт алған «Скатқа» тиесілі «Боинг» ұшағы әуежайға қона алмай, аспанда 1 жарым сағат қалықтап жүрген. Доңғалақтары ашылмай қалған әуе кемесін экипаж мүшелері төртінші талпыныстан жерге әзер дегенде қондырыпты. Ал бала-шағасымен бір ажалдан аман қалғандар ұшақтан жылап түсті. 

-Аман қалдық.  Тірі қалдық!

-Пилотқа рахмет . Сол құтқарды бізді. Біз  бұл өмірмен қоштасып үлгеріп едік.

-«Скат»-ты  жабу керек. Өліп қала жаздадық. Бір құдай сақтады.

Бір апта бұрын да Елордада дәл осындай оқыс оқиға болып, «Скат»-қа тиесілі ұшақтың тежегіші істен шыққан еді. Қазір қос апат бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал «Скат» адам өміріне бас қатырып отырған жоқ. Депутаттың мәлімдемесінен кейін іскерлік беделімізге нұқсан келіп, ұшағымызға жолаушылар отырмай қояды деп азар да безер.


Дәулет Хамзин, "СКАТ" әуе компаниясының вице-президенті:

-Егер сенатордың сөзінен кейін билет сатып алушылар азайса, онда біз Бас прокуратураға, тіпті халықаралық құқық қорғау ұйымдарына депутаттың үстінен шағым түсіреміз. Себебі қазірдің өзінде билет сатылымы төмендеп кетті. Ал  жиілеп кеткен апат бойынша, техниканың аты техника ғой. Ақау болып тұрады, ал пилоттарымыздың барлығы нағыз өз ісінің мамандары.

Пайданы көбірек ойлап отырған компания былтыр Алматы түбіндегі апатты да тез ұмытқан сыңайлы. Ол кезде «Challenger» ұшағында болған экипаж мүшелерін қосқанда 21 адам қаза тапқан болатын.

-Қазір Азаматтық авиация комитеті әуе тасымалдаушысына тиесілі ұшақтардың техникалық жағдайы мен пилоттардың кәсіби деңгейін шұғыл тексеруге кірісті. Алайда, «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын «Скат»-тың  тірегі мықты секілді.  Ұшағы бірнеше мәрте апатқа ұшыраса да жазадан оңай сытылып кетіп жүр. Сондықтан өз бетімен  түбегейлі жабыла қоюы екіталай сияқты.