Сенаторлар Ұлттық қордан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасын мақұлдады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025 – 2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңды қарап, мақұлдады. Құжат нормаларына сәйкес мемлекеттік міндеттемелерді орындау бойынша шығыстарды қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 2025, 2026 және 2027 жылдарға арналған республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2 трлн теңгені құрайды. Заңның қабылдануы бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге және Ұлттық қордың тұрақтандыру функциясын іске асыруға мүмкіндік береді.

Депутаттар «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңды да қарады. Бюджеттің басым міндеті мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындау және ел Президентінің тапсырмаларын іске асыру болып қала береді. Мәселен, алдағы үш жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлері бюджеттік қағидалардың сақталуын және бюджет шығыстарының әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырлануын ескере отырып айқындалған. 

Бюджет шығыстарының бірінші кезектегі бағыттары мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындау, ғылымды, білім беруді, медицинаны қолдауды күшейту арқылы адами капиталды дамыту болып қала береді. Атап айтқанда, республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемі 2025 жылы 25 750 млрд теңге, 2026 жылы 23 168 млрд теңге және 2027 жылы 24 566 млрд теңге сомасында жоспарланып отыр. Қаражат қазіргі жағдайларға бейімделе отырып, экономикалық үлгі қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және халықтың табысын арттыру үшін жағдай жасау арқылы азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталады. 

Сенаторлар концептуалды түрде республикалық бюджетті қолдады, дегенмен, оны қарау барысында бірқатар өзгерістер енгізді. Нақты айтқанда, депутаттар келесі жылға қосымша 60 млрд теңге бөлуді ұсынды. Бұл қаражат өңірлік дамуға, сумен жабдықтау және су бұру проблемаларын шешуге, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыруға, сондай-ақ басқа да бағыттарға арналған. Осыған байланысты ұсынылған түзетулермен заңды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.