Сенаттың депутаты үкімет басшысына әуе желілерін Астанаға көшірудің орындылығын қарастыру туралы депутаттық сауал жолдады

Депутаттың пайымдауынша, Азаматтық авиация комитетінің әуе рейстерін көшіру туралы шешімі Қазақстанның "бәсекелестікке қабілетті елдердің арасынан лайықты орын иемденуге" кедергі келтірмек.

Ж.Төрегелдиновтың пайымдауынша, "бұл құжат Алматы қаласының Қазақстандағы қаржылық, инвестициялық, инновациялық, ғылыми және мәдени орталық ретінде даму перспективасына көлеңке түсіреді". "Әуе рейстерін көшіру экономикалық жағынан алғанда тиімсіз. Ол тек Алматы тұрғындарын ғана емес, жалпы республиканың оңтүстік өңірлерін халықаралық тікелей рейстердің қызметін тұтыну мүмкіндігінен айырады",- дейді депутат. Оның айтуынша, "комитеттің шешімі елімізді экономикалық шығынға батырады. Өйткені, тұрғындар Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден ұшатын арзан әрі қолайлы рейстерді таңдауға мәжбүрлемек". "Сондай-ақ, халықаралық әуе желілерін Астанаға көшіру Алматыдағы 500-ге жуық туристік фирмалардың іс-қызметіне қауіп төндіреді. Ал бұл - еліміздегі жалпы туристік агенттіктер санының 70 процентіне тең. Демек, біз кірісті көршілес елдерге қолдан беру арқылы туризм саласындағы бәсекелестік қабілетімізден айрылудың аз-ақ алдында тұрмыз",- деді депутат.
Ж.Төрегелдиновтың пайымдауынша, "аталмыш әкімшілік шешім тек туристік фирмаларға соққы болып тиюмен шектелмей, Алматы мен жалпы оңтүстік өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікке салқынын тигізгелі отыр". "Соның салдарынан туристік кластер саласында 90 млн. теңгеден айрылсақ, Қазақстандық жолаушылар 60 млн. теңгеден қағылып, ұшақтармен тасымалданатын тауарлардың бағасы айына 62 млн. теңгеге қымбаттайды",- деді ол. "Мұндай ахуал қаланы қыруар шығынға батырып, шағын және орта кәсіпорындар банкроттыққа ұшыраумен бірге авиатасымалының құны 30-40 процентке қымбаттайды. Көптеген адамдар жұмыс орындарынан айрылып, бюджетке түсетін түсімдер анағұрлым азаяды",- деді сенатор.