Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде өткен жиынды облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ашып, экономикалық ықпалдастық мәселелерінде Ресей Федерациясының бес аймағымен шектесетін Батыс Қазақстан облысының маңызы ерекше екеніне тоқталды. Жиынды ҚР Парламенті Сенаты қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Рашит Ахметов жүргізді.
ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Сыртқы сауда қызметін дамыту департаменті директорының орынбасары Уәсила Байқадамова ықпалдастық үдерісінің Қазақстанға тиімділігі жөнінде, «Атамекен» одағы ҚҰЭП басқарма бастығының бірінші орынбасары Рахым Ошақбаев Бірыңғай экономикалық кеңістік және Кедендік одақ жағдайында еліміздегі кәсіпкерлікті заңнамалық қорғау жайлы өз ойларын ортаға салды. Ел экономикасының дамуына статистикалық талдау жасаған Рахим Сәкенұлы тауар экспорттауды әлі де жетілдіре түсу қажеттігін алға тартып, бірқатар шет елдердің тәжірибесін де келтіріп өтті.
Қаржы министрлігі кірістерді талдау, салық және кеден заңнамасы мәселелерін үйлестіру департаментінің директоры Уәлихан Әмірханұлы бизнес-жоспарларды жақсарту жайына, Қаржы министрлігі салық комитетінің басқарма жетекшісі Мұрат Бұлғынов Кедендік одақ және Бірыңғай экономикалық кеңістікте тауар импортының салығы жөнінде өзекті сауалдарға тоқталды. 2015 жылдың 1 қаңтардан жоспарланған, Бірыңғай экономикалық кеңістік мемлекеттері: Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясының экономикалық одағы - Еуразиялық экономикалық одағы интеграцияның келесі маңызды қадамы екендігін атап өтті. Мұрат Тоқтарқанұлы баяндамасында Кедендік одақ құрылғаннан кейін аталған елдердің экономикасындағы өзгерістерді айтып берді. «Кәсіпкер қауыммен осындай кездесулердің бірінде тауар импорттау мен жанама салыққа өтінішті қағазсыз - электронды түрде тапсыру ұсынылды. Бұл сауал Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеңестік комитетіне қазақстандық тараптан ұсынылып, бүгінде қаралуда. Сондай-ақ, бүгінде тауарды экспорттау мен импорттауда салықтық басқару жетілдіріліп, кәсіпкерлікке тосқауылды жою мақсатында құжаттар саны қысқара түсуде», - деді Мұрат Бұлғынов.
Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері кәсіпкерлерді ықылас қоя тыңдады. «Кублей» ЖШС-ның директоры Талғат Берекешев Кедендік одаққа мүше мемлекеттерге қатысты жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Айына 1100-1200 тонна өнімін экспорттайтын аталмыш кәсіпорынның балық өнімдерін эскпорттауда қиындықтары бар көрінеді. «Балық өндірісінде Ресей мен Беларусьтің бәсекелестігіне төтеп беру қиындау. Оларда бұл салада салық өзгеше, сондықтан өнімдері де біздегіден арзандау", - деді Талғат Берекешев.
«Crown Батыс» ЖШС-ның директоры Евгений Алиев Кедендік одақ елдеріне экспорттың түйткілді мәселелерін алға тартты. «Ет өнімдерін шекарадан өткізу қиын емес, ал көрші елдің сауда сөрелеріне түсу өте қиын», - дейді ол. Ал «Зенит» зауытының директоры Вячеслав Валиев әскери өндіріс саласына екі түрлі заңның әсер ететінін алға тартып, өнімді бағалайтын зертханалардың тапшылығын айтты. Сондай-ақ тауарды сертификаттау құнынын қарыштап бара жатқанын, мұны Үкіметтің қадағалауға алуын ұсынды. Бірқатар кәсіпкерлердің кеденнен тауарды өткізу ұзақ уақыт алатынын, бұл көрші елдегі тұтынушыларын жоғалтуға әкелетінін айтқан пікірі бір жерден шықты.
Облыс әкімі жуырда Ресейдің көршілес облыстардың басшылықтарымен кездесу өткізіліп, сонда түрлі мәселелерге оң шешім табылатынына сенетінін айтып, ол жиындарға кәсіпкерлер шақырылатынын жеткізді.
ҚР Парламенті Сенаты қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Рашит Ахметов кәсіпкерлердің өтініштері ескерусіз қалмайтынын, аталған ұсыныстар мен мәселелер бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіре түсуде есепке алынып, шешімін табатынын атап өтті.