Серік Ахметовке аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылуда

18 қараша күнгі Қарағанды қаласы Қазыбек аудандық сотының қаулысымен айыптаушы органдардың алдын ала тергеуі бойынша аса ауыр жемқорлық қылмыс жасағаны үшін ҚР ҚК 176-бабының 4-тармағы «Б» пункті бойынша Ахметов Серік Нығметұлын 2015 жылдың 15 қаңтары сағат 23:00-ге дейін екі ай ұйқамаққа алу туралы санкция берілді, - деді Ә.Жошева бүгінгі брифингте.  

Оның сөзіне қарағанда тергеу органдары С. Ахметовті қоғамнан оқшаулау шараларын сұрамаған. Сондай-ақ прокуратура айыпталушыны қамауға алу туралы шешім шығару мәселесін талап етпеген

«С.Ахметовтің бұрын сотталмағаны, Қарағандыда тұрақты мекенжайы бар екендігі ескерілді. Сот сондай-ақ оның денсаулық жағдайын да ескерді. Сондықтан үйқамаққа алу түрінде бұлтартпау шарасын қолдану жөнінде санкция шығарылды», - деп атап өтті Ә.Жошева.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ, үш күндік мерзімде шағымдануға мүмкіндік болады.

Серік Нығметұлы Ахметов 1958 жылы 25 маусымда Қарағанды облысында туған.

Еңбек жолын Қарағанды металлургиялық комбинатында бастады. 2001 жылдан бастап Теміртау қаласының әкімі, содан кейін Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің ұйымдастыру-бақылау жұмысы және кадр саясаты басқармасы Мемлекеттік инспекциясының меңгерушісі, Қазақстанның кәсіпкерлер мен жұмыс берушілерінің «Атамекен» одағының басқарма төрағасы, ҚР Көлік және коммуникация министрі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болып жұмыс істеді. 2009 жылдың қарашасынан - Қарағанды облысының әкімі. 2012 жылдың қаңтарынан - ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, 2012 жылдың 24 қыркүйегінен - ҚР Премьер-Министрі, 2014 жылдың сәуір айынан қазан айына дейін ҚР Қорғаныс министрі болып қызмет атқарған.