Серік Бүркітбаев: Тергеу қапасының жертөлесінде екі жыл отырдым

Серік Бүркітбаев ұсталғаннан кейін ҰҚК тергеу қапасының жертөлесінде екі жыл отырған. Бұл туралы ол «Караван» газетіне берген сұхбатында айтты.

«ҰҚК бас тергеу қапасының жертөлесінде екі жыл отырдым. Оны былай пресс-хата деп атайды. Аумағы 6 шаршы метрден аспайды. Менімен бірге мәйітхана қызметкерлері, сөз тасығыштар және кәнігі қылмыскерлер отырды. Оларды сонда әдейі қамаған. Мені өлтіремін десе, өлтіре салар еді. Ол түк қиын емес. Бірақ түрлі қысым көрсетілді. Жақын досым қаза тапқан камераға қамап қойды. «Анау ілгекті көрдің бе? Соған досың асылып қалған» деді» дейді сұхбаттасушы.

Серік Бүркітбаев кезінде үлкен қызметтер атқарды, «ҚазМұнайГаз», «Самғау», «Қазақтелеком» сияқты ең ірі ұлттық компанияларды басқарды.


2008 жылдың қыркүйек айында ол ірі көлемде ақша жымқырды және тыңшылық жасады деп айыпталды. Бұл істі жабық жағдайда қараған әскери сот Бүркітбаевты 6 жылға бас бостандығынан айырып, жалпы тәртіптегі түрмеге жіберді. Ал 2012 жылы ол абақтыдан шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты.