Серік Сәпиевтің орынбасарынан таяқ жегені рас па

Оқиға 21 қаңтар күні болған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Cерік Сәпиев өзінің орынбасары, самбодан әлем және Азия чемпионы Дәурен Есімхановпен жаға ұстасып қалған көрінеді. БАҚ беттерінде тарап жатқан видеодан олардың жұмыс уақытында жаға жыртысқанын байқауға болады. Салдарынан олимпиада чемпионы дене жарақатын алған сыңайлы.

Аталған жағдайды Қарағанды облыстық Полиция департаменті растаған. Құрылымның баспасөз қызметінің мәліметінше, ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"42 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Белгілі болғандай, 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жариялауға жатпайды", - деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияров.

Әлеуметті желі мен БАҚ беттерінде тарап жатқан видеоға желі қолданушылары түрлі пікір жазуда.

"Сәпиев негізі эмоцияға берілмей тұр ғой", "Сәпиевке істеген әрекеті жараспайды арызданғаны жігітше шешпей ме мәселені, шал емес жас қой намысы бар шал да арызданбайды. Масқара елдің бетіне қалай қарайды", "Даурен деген бұл сабырлы намысшыл ұлт жанды жігіт. Басқа тілді жетік білсе де қазақпен тек қазақша ана тілімізде сөйлейтін жігіт. Дауренің намысына тимесе бұндайға бара қоймайды. Даурен сиЯқты нағыз елім деген ер азаматтың осындай былыққа түскені шикі орыстанған басшылықтың кесірі деп ойлаймын", "Ұят болыпты", - деп жазды олар.

Айта кетейік, Бокстан Лондон олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев 2024 жылдың 27-ші қарашасынан бастап Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарады.