Сеул: Ким Чен Ын 13 жасар қызын мұрагер ретінде дайындап жатыр 

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Оңтүстік Кореяның Ұлттық барлау қызметі (NIS) Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын қызы Ким Чжу Эні мұрагер ретінде дайындап жатқанын мәлімдеді.

NIS дерегінше, шамамен 13 жастағы Джу Э соңғы айларда әкесімен бірге бірқатар маңызды іс-шараларға қатысып жүр. Ол Қытайға сапар кезінде және ірі әскери шараларда көпшілік алдына шыққан. Барлау қызметі оның «ресми іс-шараларда жиі көрінуін» және кейбір мемлекеттік шешімдерге қатысты пікір білдіруін ескеріп, мұрагерлікке дайындық кезеңі басталды деген қорытынды жасаған.

Джу Э – Ким Чен Ын мен оның жұбайы Ли Соль Чжунің жалғыз көпшілікке белгілі баласы. NIS мәліметінше, Ким Чен Ынның үлкен ұлы бар, бірақ ол ешқашан ресми түрде таныстырылмаған.

Сарапшыларды таңғалдырған жайт – Солтүстік Корея секілді патриархал қоғамда қыз баланың мұрагер ретінде қарастырылуы. Дегенмен, Ким Чен Ынның қарындасы Ким Ё Чжоннің билік құрылымындағы ықпалды рөлі әйелдердің жоғары лауазымға көтерілуіне белгілі бір алғышарт бар екенін көрсетеді.

Соңғы уақытта жарияланған фотосуреттерде Джу Э әкесінің қасында тең дәрежеде бейнеленіп, ресми шараларда оның жанынан табылып жүр. Мемлекеттік БАҚ-тағы мұндай символикалық детальдар Солтүстік Кореяда ерекше мәнге ие.

Алайда салыстырмалы түрде жас әрі билікте берік отырған Ким Чен Ынның мұрагерлік мәселесін дәл қазір көтеруі сарапшылар арасында түрлі сұрақ тудырып отыр. Джу Эдің болашақтағы ықтимал билігі елдің саяси бағытына қандай өзгеріс әкелетіні әзірге белгісіз.