Кездесу барысында журналистер "Қошқар мен теке", "Момын мен қарақшылар", "Айка" атты жаңа анимациялық фильмдерді тамашалай алды. Сонымен қатар, "Қазақфильм" киностудиясында "Қазақ елі" атты жасөспірімдерге арналған 50 бөлімнен тұратын анимациялық тарихи-танымдық хикая, "Қазақ ертегілері" және "Ер Төстік пен Самрұқ құс" атты толықметражды анимациялық фильмдерді түсіру дайындық үстінде.
Мәдени іс-шараға қатысқандар: Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ Президенті Ермек Аманшаев, Ғали Мырзашев, продюсер Рустам Тұралиев және анимациялық студиялардың өкілдері Керімбек Ниязбаев және Жәнібек Нұрбекұлы (Астана).
Анимациялық фильмдердің болашағы журналистерді қатты толғандырды, бұл сауалға анимациялық кино шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Дәненов Жәкен Жұмағалиұлы былай деп жауап берді: " Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ басшылығының арқасында қазіргі таңда киностудияда керемет анимациялық туындыны жасауға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Қазақстанның барлық анимациялық студиялар бізде жұмыс жасап жатыр. Осы жылы 10 минуттан тұратын бес анимациялық фильмді шығару жоспарда бар. Сонымен қатар Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер Академиясының анимация факультетінің студенттері өздерінің тұңғыш жұмыстарын біздің киностудияда жасап жатыр. Менің ойымша, қазақстандық анимацияның болашағы зор"!