Шайдоров пен Спорт министрлігі арасындағы даудан кейін туындаған 5 басты сұрақ

Алайда болған жағдайға қатысты сұрақтар әлі де көп.

Осыған байланысты Caravan.kz медиа порталының тілшісі ең маңызды мәселелерді саралап шықты.

Спорт министрлігі шенеуніктерінде алғыс сезімі бар ма?

Олимпиадаға дейін-ақ депутат Данияр Қасқарауов Миланда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына дайындыққа мемлекет қанша қаржы жұмсап жатқанын көтерген еді. Белгілі болған сома аз емес – 13 миллиард теңгеден асады.

Көпшілік 2023 жылғы Азия ойындарынан кейінгі сәтсіз нәтижелерді, спортшылар формасына қатысты жанжалдарды және құқық қорғау органдарының араласуын жақсы біледі. Ал Михаил Шайдоровтың арқасында Миландағы өнер көрсету сәтті деп бағаланып, кем дегенде жарияланған ақпарат бойынша, министрліктің қаржылық қызметіне Қаржылық мониторинг агенттігі де, ҰҚК де ерекше назар аударған жоқ.

Сонда өз қызметтерін сақтап қалуға Шайдоровтың алтыны себеп болуы мүмкін болды, сондықтан олардың спортышға деген алғысы болмады ма? Егер сондай көзқарас болғанда, бұл жанжал туындамас еді және мәселені наурыз айында-ақ шешуге болатын еді.

Оның орнына министрлік мәнерлеп сырғанаушының жалақысын жариялап, басқа спорт түрлеріне жұмсалатын шығындар туралы үнсіз қалды.

Неліктен Михаил Шайдоров Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері атағын алмады?

2025 жылдың наурызында спортшы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері атағын алуға толық құқылы болды. Бірақ содан бері 14 айдан астам уақыт өтсе де, бұл атақ оған берілген жоқ.

Мұнда 2026 жылғы 22 ақпаннан кейін келісімшартқа қол қойылмады деген уәж жүрмейді, өйткені ол кезде келісімшарт болған. Нәтиже бар болса, тиісті марапат та берілуі керек еді. Неге берілмеді?

Министрлік Михаилдың спорттық медицина мәселесін қалай шешпек?

Даудың барысында спортшы 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап оның командасы ресми түрде медициналық бақылаудан айырылғанын мәлімдеді. Жоғары деңгейдегі спортшы үшін білікті дәрігердің тұрақты қолдауының болмауы – жарақат алу қаупін арттыратын үлкен мәселе.

Кейін ведомство команданың АҚШ-тағы жиындарға аттанғанын хабарлады. Бірақ спортшыға толыққанды медициналық сүйемелдеу мен бүкіл олимпиадалық цикл бойына тұрақты дәрігерлер штаты қайтарыла ма, бұл жағы белгісіз күйінде қалды.

Неліктен қазақстандық спортшылар арасында бір-бірін қолдаушылар аз?

Бір қызығы, Михаилды көпшілік алдында бірде-бір Олимпиада чемпионы немесе жүлдегері ашық қолдаған жоқ. Елдос Сметов, Серік Сәпиев және басқа да танымал спортшылардың пікірлері ұқсас болды: «Біз де келісімшарттарға қол қойғанбыз, бұл қалыпты жағдай» деген секілді.

Шайдоровтың жағдайына қатысты пікір білдіргендердің көбі өз мәселелерін айтумен шектелді. Мысалы, «Айсұлу» хоккей клубындағы жалақы төлемдеріне қатысты проблемалар сөз болды.

Яғни спорттық қауымдастықтан Михаилға бағытталған ортақ әрі нақты қолдау байқалмады. Керісінше, фристайл өкілі тарапынан оның «шектен шығып кеткені» жөнінде пікір айтылды.

Келісімшарттан 2030 жылғы Олимпиадада алтын алу міндеттемесі алынып тасталды ма?

Михаил Шайдоровтың айтуынша, министрлікпен болған даудың басты себептерінің бірі – 2030 жылғы Олимпиада ойындарында міндетті түрде жеңіске жету туралы талапқа келіспеуі.

Мұндай тармақтың өзі спорт шенеуніктерінің мәнерлеп сырғанау тарихын жеткілікті білмейтінін көрсетеді. Өйткені Олимпиада чемпионы атағын қатарынан екі рет қорғау тарихта небәрі төрт спортшының ғана қолынан келген. Оның үстіне алғашқы үшеуі бұл жетістікке 1953 жылға дейін жеткен.

Содан бері Олимпиада алтынын қорғаған жалғыз спортшы – Юдзуру Ханю (2014 және 2018 жыл). Бұл жағдай мұндай жетістіктің ерекше құбылыс екенін дәлелдейді.

Қазіргі ерлер арасындағы мәнерлеп сырғанау бәсекесі өте жоғары деңгейде. Тіпті қазіргі жұлдыздардың бірі Илья Малининнің өзі төрт жылдан кейін медаль үшін күресе ала ма, жоқ па – белгісіз.

Ендеше келісімшартқа мұндай міндеттемені енгізудің мақсаты қандай? Болашақта айыппұл салу үшін бе? Әлде шенеуніктер сәтсіздік болған жағдайда жауапкершілікті спортшының өзіне жүктеп қоюды көздей ме?

Осы сұрақтар әзірге жауапсыз қалып отыр.