Шахандағы апатқа байланысты үйдің от жағушысы іздестірілуде

Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі хабарлады.

Шаханда жалпы 19 көпқабатты үйде жылу қазандығы орнатылған. Адамдар тағы да апат бола ма деп қорқып отыр.

Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймақовтың айтуынша, орталық қазандық құрылысы жайлы мәселені билік 2013 жылдан бері көтеріп келе жатыр. 2014 жылы жобалау-смета құжаттамасын жасауға қаражат бөлініпті. Оны министрлік бекіткен, алайда 2,8 миллард теңге сомасындағы қаражат бөлінбей қалған.

Әкімнің айтуынша, тұрғындар жылу қазандығын өздері орнатып алған да, оған ешкім бақылау жүргізбеген. Тұрғындар от жағушы адамды да өздері жалдаған, көмірді де өздері сатып алған. 


"Енді біз орталық жылу қазандығының құрылысы мәселесін қайта көтереміз. Министрлікке тағы да сұраныс жазамыз. Бұл үйдің от жағушысы жайлы ештеңе айта алмаймын, сотқа дейінгі тергеу басталды, ол әлі табылмай жатыр. Ол іздеуде жүр. Үйдің сараптамасына қатысты айтар болсақ, мамандардың қорытындысын күтуіміз керек. Алдын ала тексерістен кейін үйдің үш кіреберісі сау екенін айта аламын. Бұл подъездер бүлінбеген. Сондықтан осы үйге бөлек қазандық саламыз, ол үйдің маңындағы контейнерде орнатылады, жертөледе емес. Қаражатты демеушілер шығарады", - деді Аймақов.