Жолымбет алтын кен орындағы оқыс оқиға өткен сенбіде болған. Бірнеше метр тереңдікте топырақ опырылып, 2 адам жер астында қалып қойған-ды. Олардың бірі сол күні-ақ аман есен құтқарылып, екіншісінің өлі денесі 6 күннен кейін табылып отыр. Бастапқыда 100 метр тереңдікке дейінгі жерді қазған құтқарушылар кеншінің аман-сау екеніне сенімді болған. Алайда шахтаны қазған сайын, жер опырылып құлап, қиындық туғызыпты. Кен орнын бір аптадай бұрғылаған құтқарушылар бүгін таң алдында ғана кеншінің мәйітін тапты.
Арман Әбдіхалықов, Ақмола облыстық ТЖД бастығы:
- Кеншінің өлі денесі кеше түнгі сағат 4-те шығарылды. Юрий Рассихин отырған күйі үйіндінің астында қалған. Соған қарағанда, біразға дейін тірі болған сияқты. Бұрғылау орнында болса, мүмкін аман болар ма еді деп үміттеніп едік.