Шахтинск тұрғындары Тентек жылу электр орталығындағы апатқа байланысты шеккен шығындарының өтемін талап етпекші

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 24-ақпанда Тентек жылу электр орталығындағы апатқа байланысты қаладағы жылыту жүйесіне жылу беру доғарылған. Қалпына келтіру жұмыстары екі аптаға созылды. Осы уақытта қала тұрғындарының пәтеріндегі сынап бағанасы 2-5 градусқа дейін төмендеп, мектептер мен ауруханалар жабылды.

Пәтерлер, мектептер мен кәсіпорындарда жылу берілгеннен кейін апаттар шыға бастады. Көп қабатты 208 үйдің 105-інде жылытқыш радиаторлар мен стояктар қатып қалды. 3 мың батарея мен 17 мың метрдей құбырлар жарамсыз болып қалды. Қаладағы мектептердің жылыту жүйесі толықтай дерлік істен шықты.
Мәселен, қала тұрғыны Галина Московскаяның айтуынша, Жеңістің 40 жылдығы атындағы көшедегі №56/1 үйде пәтерлер жаппай су ішінде қалып, барлық отбасының мүлкі бүлінді. "Біз Тентек жылу электр орталығының қожайындарынан сот арқылы шығындарды өтетіп алмақпыз. Арыз-шағымдарымызды дайындап қойдық. Шығын көлемін әрбір отбасы өз бетінше есептеуде, орта есеппен ол 50-150 мың теңгені құрайды ",- деді Г.Московская.
KZ-today тілшісінің хабарлауынша, Шахтинск қаласында жылыту радиаторларын ауыстыру жұмыстары әлі де жалғасуда.