Шаңғымен тұғырдан секіруден Әлем кубогының жазғы кезеңдік жарысында ел намысын ерлер арасында 4 спортшы қорғайды

Бұл жайлы ҚР Шаңғымен тұғырдан секіру федерациясының президенті Андрей Варвейкин бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтты.

20-23 қыркүйек күндері Алматыдағы «Сұңқар» халықаралық шаңғымен тұғырдан секіру кешенінде ерлер мен әйелдер арасында шаңғымен секіруден Әлем кубогының жазғы кезеңдік жарысы болады. Дайындықтан өтіп жүрген қыздарымыз жас болғандықтан әйелдер арасындағы бәсекеге спортшылармыз қатыспайды. Ал ерлер арасындағы додада ел намысын ұлттық құрама үздіктері Радик Жапаров, Евгений Левкин, Николай Карпенко мен Алексей Королев қорғайды», - дейді А.Варвейкин. Оның айтуынша, Халықаралық шаңғымен тұғырдан секіру федерациясының талабы бойынша онда Қазақстан - 4, ал спорттың бұл түрі дамыған әлемнің өзге елдері 7 спортшыдан қоса алады. Қазақстандық спортшылар бұған дейін жазғы Әлем кубогының Куршавел (Франция), Хинтерцартен (Германия) мен Хакубеде (Жапонияда) өткен кезеңдік жарыстарына қатысқан болатын. Онда спортшыларымыз бәсеке қарсаңында бір рет жаттығу жасап, одан кейін бірден сайысқа араласқандықтан көрсеткіштері жоғары болмады. Бұл олқылықтың орнын енді өз еліміздегі сайыста толықтыруға мүмкіндік бар.

Жалпы шааңғымен тұғырдан секіруден Әлем кубогының жазғы кезеңдің сайыстары Қазақстаннан кейін 29 қыркүйекте Австрияда, ал 3 қазанда Германияда өз жалғасын табады. Германиядағы ақтық сында жазғы Әлем кубогының қорытындысы шығарылмақ.