Үкімет басшылары кеңесінің отырысына Қазақстан премьер-министрі Даниал Ахметов, Қытай мемлекеттік кеңесінің төрағасы Вэнь Цзябао, Қырғызстан үкімет басшысы Николай Танаев, Ресей үкімет басшысы Михаил Фрадков, Тәжікстан вице-премьері Асадулло Гуломов, Өзбекстан үкімет басшысының орынбасары Өткір Сұлтановтар қатысты.
Тараптар Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі өзара сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік, табиғат қорғау, қайырымдылық және басқа да салалардағы ынтымақтастықты тереңдете дамытуға қатысты кең көлемді мәселелер топтамасын талқылады.
Отырысқа қатысушылар мұнайгаз кеніштерін игеру, су энергетикасы, пайдалы қазбаларды игеру салаларындағы ынтымақтастықты пәрмендендіру қажеттігін атап өтті. Әсіресе, агроөнеркәсіп кешені, азық-түлік өнеркәсібін дамыту, озық технологиялар саласындағы байланыстарды жолға қоюға баса назар аударылды.
Кеңес Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің көп жақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыру шараларының жоспарын бекітті. Жоспарға нақты 127 жоба енгізілген.
Үкімет басшыларының кеңесі қол қойған біріккен коммюникеде 2004-жылы Пекинде Шанхай ынтымақтастығы ұйымының хатшылығы мен Ташкентте аймақтық антитеррорлық құрылымның атқару комитетінің толыққанды жұмыс істей бастауының нәтижесінде ұйымның көп бағытты әріптестікті жүзеге асыруға ықпалын тигізетін қуатты тетіктерге ие болғаны атап көрсетілген.
Тараптар Шанхай ынтымақтастығы ұйымының іс-қызметін қаржыландыруға қатысты бірқатар мәселелерді қарап, ұйымның 2005-жылғы бюджетінің негізгі көрсеткіштерін бекітті.
Үкімет басшылары кеңесінің отырысында Шанхай ынтымақтастық ұйымының аймақтық ынтымақтастық жөнінегі веб-сайтының ресми тұсаукесері өткізілді. Онда ұйымға қатысушы елдердің 200 мыңдай кәсіпорындары туралы ақпарат жарияланған.