Шардара су қоймасынан Сырдарияға жіберілетін су көлемі ұлғайтылды

Б.Әбіловтың айтуынша, соңғы бір тәулікте су қоймасына келетін су мөлшері секундына 39 текше метрге артып, 1492 текше метрге жетті. Су қоймасындағы су көлемі тәулігіне 8 млн. текше метрге артып, 5038 млрд. текше метрді құрады. Қазір Қызылқұм каналы мен Арнасайға жіберілетін су көлемі бұрынғы қалпында қалса, Сырдарияға жіберілетін су көлемі секундына 800 текше метрге дейін арттырылды.

Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының мәліметіне сәйкес, облыстың Отырар ауданы аумағында Сырдария өзенінде үш жерде ұзындығы 20 шақырымдық мұз сеңдері түзілуі салдарынан су деңгейі бірнеше метрге көтерілді. Маяқұм-Ешкіқора автожолы жабылды. Қазіргі жағдаймен Шеңгелді, Маяқұм, Ешкіқора және Қарасу ауылдарына су астында қалу қаупі нақты төніп отыр. Шеңгелді және Маяқұм ауылдарынан қариялар, әйелдер мен балалар басқа жаққа көшірілді. Қалған адамдар бөгеттерді нығайту жұмыстарымен шұғылдануда. Басқа ауылдардың тұрғындарын көшіруге дайындық жасалып жатыр. Мал түліктерін қауіпсіз жерлерге көшіру жұмыстары қолға алынды. Бұл іске жергілікті тұрғындар арасынан 600 адам, ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің 19 адамы жұмылдырылған.
Жергілікті билік сеңді тағы бір мәрте жаруға шешім қабылдады. Сол үшін бұл өңірге Тараздық саперлер, Шымкенттен "Югвзрывпромның" сүңгуірлері мен мамандары, сондай-ақ, республикалық шұғыл құтқарушы топтың адамдары шақырылды.