Шардара су қоймасындағы жағдай тұрақтанды

«Қазір біз жоспар бойынша 5 млрд 200 млн текше метр көлемде су жинау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Содан кейін Сырдария өзеніне су тастауды реттеу мүмкіндігі пайда болады. Өйткені, ол уақытқа дейін мұз көшкіні аяқталуы керек »,- деді "Оңтүстіксушаруашылығы" РМК басшысының орынбасары Бахтияр Темірбаев.

Оның сөздері бойынша су қоймасында белгіленген су көлемі 5-10 сәуірге таман жиналады.

РМК мәліметтері бойынша, бүгінгі күні Шардара су қоймасындағы су көлемі 5 млрд 65 млн текше метрді құрайды, су ағыны секундына 1113 текше метрге жетеді , ал Сырдарияға тасталатын су секундына 550 текше метрді құрайды.

"Қызылқұм арнасына бүгінгі күні секундына 50 текше метр су құйылса, ертеңнен бастап ол 5 текше метрге дейін азайтылады. Арнаға жіберіліп жатқан су секундына 451 текше метрді құраса, жақын күндері ол 300 текше метрге дейін кемітіледі", - деп хабарлады агенттік тілшісіне "Оңтүстіксушаруашылығы" РМК бөлім бастығы Айгүл Омарова.