”Шартты түрде және амнистиямен ғана шыққан”: Заңгер 33 жыл бойы жылқы бағып сотталған ақтөбелік туралы

Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

”Жалған ақпаратты тарату арқылы – қоғамның эмоциясымен қалай ойнауға болатын көрсетті бұл оқиға!

Ақтөбе облысындағы қарияның видеосын көріп, жыламаған да, қарғанбаған да адам қалмаған шығар.

Мен де сол видеоны көріп, ашуландым, қаным қайнады. Бірақ істің толық құжаттарын өз көзіммен зерттемей жатып, пікір білдіруге асықпадым. Себебі әдеттегідей оқырмандарым алдындағы жауапкершілік.

Руслан Өтепбайдың видеосынан түйгенім – қария апелляция арқылы толық ақталмаған. Ол шартты түрде және амнистиямен ғана шыққан. Яғни, қария қылмыстық жауапкершілікке тартылған адам.

Бұл оқиғада мені ең қатты қынжылтқаны – пайғамбар жасына келген әкесін инсульт алғанша мал соңында жүргізген, тепсе темір үзетін сотқалдай ұлы. Әкесі сол күйге жеткенше жылқы бақтырып қойғаны қалай?

Бұл жерде біреуді қаралау немесе табалау емес, ақиқатты айту маңызды.

«Мал бақтырған кәсіпкерді ақтап жатырсың» дейтіндер де табылар. Оны бүгін атып тастасаңдар да маған бәрібір. Бірақ бір шындықты мойындаңдаршы.

Бай болсын, кедей болсын, бәріңе еңбегін пайдаланатын, үнсіз жүретін, сұрауы жоқ, іздеуі жоқ, қараңғы адам керек. Өкінішке қарай, бұл оқиға – сондай жағдайлардың бірі ғана.

Ал енді кәсіпкерді өлтіруге шақырып, ұрандап жүргендерге айтарым: мұндай оқиғадан хайп жинағанша, елімізде қариялар осындай күйге түспейтін жүйе қалыптастыруға күш салыңдар. Сонда ғана шын өзгеріс болады.

Ел болып бұл қарияның қарызын да өтеп берерміз. Бірақ дәл осылай жүйенің құлы болып жүрген қаншама адам бар? Соларды да ойлайық.

Ал халыққа айтарым: бұл оқиға бәрімізге сабақ болуы керек.

Ақпараттың ақ-қарасын анықтамай жатып, қарғыс айтып, үкім шығаруға асықпаңыздар. Ауыздан шыққан әрбір сөздің өз иесіне қайтатынын ұмытпаңыздар.

Осындай жалған ақпарат арқылы, халықтың эмоциясымен ойнап халықты көшеге шығаратындар да бар!

Надандық пен қараңғылықтан арылатын жалғыз жол – білім.

Балаларыңызға білім беріңіздер. Ертең өз перзенттеріңіз де дәл осындай жүйенің құлы болып жүрмесін.

Эмоциямен емес, ақылмен әрекет ететін қоғам ғана әділетті мемлекет құра алады”, - деп жазды заңгер.