«Шашын қиып, жейдесін жыртқан»: Талғарда әжетханада қысым көрген 9 жасар бала өз-өзіне қол салды

Әжетханада өзгелерден қысым көрген 9 жасар бала бір қорап дәрі ішіп, өз-өзіне қол салмақ болған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай хабарлады.

«10 жасар бала дәрі ішіп өлмек болды. Сұмдық қой! Баяғы басынан шу кетпейтін Талғар мектебінің бірі. Бесағашта 4-ші сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсамақ болып, 1 пачка аспиринді қылғытты. Жасөспірім артына соңғы хат жазып үлгеріпті. Әжесінің айтуынша, 9 жасар немересіне мектеп әжетханасында қысым көрсетеді; шашын қиқалап, жейдесін жыртады екен.

Ұлының дәріге уланып, ес-түссіз жатқанын көрген анасы жедел жәрдем шақырған. Қазір бұл іске қатысты аудандық полиция тергеу амалдарын бастады. Кеше ғана Президент өз жолдауында кәмелет жасқа толмаған балаларға қатысты қылмыстық жазаны күшейту керектігін баса айтты. Мектеп басталмай жатып буллинг белең алуда.


Бесіктен белдері шықпай қорлау мен қоқан-лоқы көрсеткіш Бесағаш “батырларын” біле жүрейік! Полиция бұл істің немен тынғанын қоғамға жариялап отыруы тиіс!», - деді журналист.