Дәрі-дәрмек бағасының шарықтауы қалыпты жағдайға айналып барады. Шектен шыққан бағалардың көтерілуін кім бақылайды? Бұл бақылау шынымен жұмыс істейді ме? Алматы қаласының тұрғыны басынан өткен оқиғасын біздің редакциямызға айтып берді. Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.
Көпшілік дәрілердің шынайы бағасынан бейхабар. Сондықтан қай жерде қандай заңбұзушылық орын алып жатқанын анықтай алмайды. Бізге хабарласқан тұрғынның оқиғасын саралап көрейік.
Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бес жыл бұрын іске қосылды. Бағдарлама аясында төлемі бар кез келген ел азаматы дәрігерге қарала алады. Оның ішінде талдаулар, УДЗ, түрлі медициналық тексерулер қол жетімді. Жұмыс беруші ай сайын жарна төлейді, қаражат автоматты түрде аударылады. Жалпы алғанда жаңа жүйе медициналық қызметке қолжетімділікті арттырды деп айтуға болады.
Алайда мәселенің екінші жағы да бар. Емделуге кететін шығын жылдан жылға артып келеді. Оған себеп - жоғары инфляция және халықтың төмен табысы.
Денсаулығы сыр берген халық көбінесе дәрілердің бағаларын салыстырып жатпайды. Бар жиған-тергенін дәрігер жазып берген дәрілерді алуға жұмсайды. Ал ол қымбат па, арзан ба маңызды емес. Ең бастысы - дәрінің табылуы. Әсіресе сирек немесе тапшы препарат болса, адамдар оның табылғанына қуанады.
Мемлекеттік шекті бағалар реестрі деген не?
Осы тұста маңызды жайтты атап өту керек. Қазақстанда дәрі-дәрмекке арналған мемлекеттік шекті бағалар реестрі бар. Бұл құжатты Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен. Аталған реестрде 6 мыңға жуық дәрілік заттың атауы бар. Әр препаратқа ең жоғары рұқсат етілген баға белгіленген. Яғни осы бағадан қымбатқа сатуға заңмен тыйым салынған.
Реестрдің қолданыстағы нұсқасы 2025 жылғы ақпанда Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген. Бұл талап барлық дәріханалар үшін міндетті.
Дәріханалар қойылған талаптарды орындайды ма?
Біздің редакцияға Алматы қаласының тұрғыны Әсел Омарова (есімі өзгертілген) хабарласты. Ол дәрі-дәрмек бағасының негізсіз қымбаттауына шағымданып отыр. Әңгіме қаладағы ірі, көпшілікке танымал дәріхана желілерінің бірі туралы.
Аталған дәріхана бұрыннан қымбат саналады. Басқа жерден табылмаған дәріні ол осы дәріханадан тапқан. Дәрінің бағасы - 28 капсула үшін 12 450 теңге.
«Табылғанына қуандым, себебі көп жерде жоқ болды. Бағасына да мән бермедім. Препарат сирек болғандықтан, осылай болуы керек шығар деп ойладым», - дейді ол.
Кейінірек, болашақта тағы қажет болып қалуы мүмкін деген оймен, ол осы дәріні маркетплейстерден іздеп көрген.
«Бағаны салыстыру үшін іздемедім, ертең таппай қалсам, қай жерден сатып алуға болатынын білу мақсатында қараған едім. Маркетплейсте баға айтарлықтай арзан болғанына таң қалдым. Себебі олар жеткізілімі үшін және пайызын төлеу үшін үстінен қосатынын білемін. Логикаға салсақ, маркетплейсте баға жоғары болуы тиіс. Сонда бағаның өзіндік құны арзан болуы мүмкін деген күмән пайда болды», - дейді ол.
Осылайша Алматы тұрғыны dari.kz қосымшасына кіріп, сатып алған дәрінің нақты шекті бағасын білген. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен ресми шекті бағалар реестріне сәйкес, бұл препараттың ең жоғары рұқсат етілген бағасы — 3 749 теңге. Одан жоғары кез келген баға заң бұзушылық болып саналады.
Яғни дәріхана бұл дәріні төрт есе қымбат бағада сатқан.
Заң бұзушылық расталды, жауапкершілік қарастырылған
Алматы тұрғыны аталмыш қосымшаның қолдау қызметіне жүгініп, чек пен скриншоттарды ұсынған. Нәтижесінде мамандар шекті бағаның асырылғанын растады.
Енді Әсел Омарова dari.kz қосымшасы арқылы аталған дәріханаға шағым түсіреді. Ол шағымда дәрінің атын, түбіртекті және негізсіз көтерілген бағаны да көрсетеді. Шағым қарастырылған соң дәріхана әкімшілік жауапкершілікке тартылуы керек.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес дәріхана немесе дәрі-дәрмекпен айналысатын басқа заңды тұлға шекті бағадан жоғары сатса, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бірінші рет бұзушылық үшін айыппұл салынады, егер заң бұзушылық заңнамада белгіленген шекті баға бойынша болса.
Айыппұл мөлшері (2025 жылы 1 АЕК = 3932 теңге):
- заңды тұлғалар үшін айыппұл – 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін (шамамен 3,9 миллион теңге);
- физикалық тұлғаларға - 70 АЕК дейін;
- лауазымды тұлғаларға - 100 АЕК дейін.
Айта кету керек, бір жыл ішінде қайталанса:
- лицензияны уақытша тоқтатуы (6 айға дейін) мүмкін;
- жүйелі бұзушылықтар сот арқылы лицензиядан толық айыруға әкелуі мүмкін.
Нені білген жөн?
Дәрі-дәрмек бағасын асыру - азаматтардың құқықтарын бұзатын және заңмен қорғалатын нарық тәртібін бұзатын әрекет. Сондықтан әрбір азамат сатып алған дәрісінің бағасын ресми реестр арқылы тексеруге, дәріханадағы бағаны Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен шекті бағамен салыстыруға және заң бұзушылық анықталған жағдайда шағым түсіруге құқығы бар.
Мұндай шағымдарды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті қарастырады.