Шенді шекарашылар мінген ұшақ апатына кінәлі деп танылған диспетчердің жазасы қысқарды

27 адам мінген АН-72 әскери ұшағы 2012 жылдың желтоқсанында құлаған-ды. Ұшақтағылар түгел қаза тапты. Ал бүгінгі апелляциялық сотқа Қанат Ақылбековтың өзі де жеткізілді. Тергеу ісі бойынша диспетчер ұшақты әуеде ұзақ ұстап салдарынан мұз қатқан ұшақ құлады делінген еді. Тек Ақылбековтің кінәсіз екендігін дәлелдеу үшін оның адвокаттары Мәскеуден арнайы мамандарды шақыртты. Мемлекетаралық әуе комитетінің мүшелері бұл апатқа қатысты тексеру жүргізген соң диспетчердің апатқа қатысы жоқ деп тапқан. Сол мамандар ұшақтың құлауына борттағы қысым өлшеуіштердің істен шыққаны себеп деген. Яғни апатқа адам емес, техника кінәлі.

Сергей Каногин,  мемлекетаралық әуе комитеті сараптау комиссиясының мүшесі:


-АН-72 ұшағының апатына қатысты халықаралық сарапшылармен бірге тексеру жүргізілген. Авиация тарихында ұшақ әуеде ұзақ жүргізіп қойғаннан құлаған емес. Техниканың ұшуға дайын болмағаны айдан анық. Сондықтан бұл апатқа Ақылбековтің түк кінәсі жоқ. Ол жұмысын ережеге сәйкес орындаған.

Дегенмен, апелляциялық сот Ақылбековті толық ақтаған жоқ. Тек, жазасын 2 жылға қысқартты. Енді ол қоныс колониясына жөнелтілмек. Енд диспетчердің қорғаушылары кассациялық сотқа шағым жасамақ. Толық ақтамайынша тоқтамаймыз деп бекініп отыр олар.