Шенеуніктерге қызметтік көліктерін жеке шаруасына мінуге тыйым салынады

Бұл құны қымбат темір тұлпарлар бюджет қаржысына сатып алынған. Оны министрлерден бастап, ортаңқол шенеуніктерге дейін тақымдап жүр. Бірақ мемлекеттің меншігін бас пайдаларына жарататындар көп. Атқамінерлер қызметтік көлікпен ұл-қыздарын балабақшаға, әйелдерін базарға тасуды әдетке айналдырған. Тіпті мақтанғандық па, әйтеуір тойға да сол Үкіметтің машинасымен барады. Барын паш еткенді жаны сүйетін дөкейлерді енді тәубасына түсіретін күн алыс емес. Яғни шенділер мінген көліктердің қайда барып, қайда аялдағанын білу үшін GPS-навигаторлар орнатылмақшы.


Әлихан Бәйменов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттік төрағасы:

- Таңертең балабақшалардың, мектептердің маңайында, кешке тойханалардың маңайында қызметтік нөмірлері бар мемлекеттік көлік тұрса, ол мемлекеттік қызметшінің әдептілік нормаларына сай емес. Осыны сол мемлекет қызмет көлігін берген басшылардың да санасына сіңіруіміз керек.