Қылмыстың үстінен қылмыс жасау Заңды елемеудің, тәртіпті таптаудың айқын көрінісі. Қоғамдық резонас тудырған оқиғаға қатысты мәжіліс депутаттары мен қоғам белсенділері не дейді? Caravan.kz медиа порталының материалында.
Талғардан ақпарат толассыз келуде. Ұлынан айрылып қан жұтып отырған отбасының қара шаңырағын өртеп жіберу қасиетсіз қаскөйлердің әрекеті.
Бұл заң мен тәртіпті елемеудің, жұрттың талабын табанға таптаудың айқын көрінісі. 16 жасар Шерзаттың денесі жер қойнына тапсырылғанына апта ғана толды, ал қаскөйлер оның отбасын ойрандауды доғарар емес.
Алматы облысының полиция департаменті марқұм Шерзаттың отбасын тәулік бойы қорғауға алғанын мәлімдеді. Үйдің өртенуіне байланысты Бас прокуратура ведомстваралық жедел-тергеу тобының құрылғанын, қылмыстық іс Бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.
"Қоғамда жастар жазасыз қалу, жазадан сытылып кету сынды түсінікке еті үйреніп қалғанын байқап отырмыз. Осындай ауыр қылмысқа бару, яғни анасының көзінше баласын пышақтап кету деген, бұл топтың бұрын да осындай әрекеттерге барғанына меңзеп тұрғанын көрсетеді", - дейді мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай.
Қоғамда идеология ақсап тұр
90-жылдардағы қылмыс әлемінің серкелерін, қылмыскерлердің өмірін экраннан романтизм етіп көрсету, соларға еліктетіп тәрбиелеу, оларды батыр ету, қайтадан жаңғыртып фильм түсіру, әсіресе посткеңестік елдерде осындай тұлғаларды дәріптеу науқанға айналды. Дәл осы фильмдер қоғамға өз әсерін беріп жатыр.
"Бұл жағдай жазадан құтылып кетемін деген сенімен туындап отыр. Яғни, құқық қорғау органдарымен, басқа жағдайда сатып алу, келісу, ымыраласып шешіп кету деген ұғымдар біздің қоғамнан бөлініп, алыс кеткен жоқ. Демек, заңның алдында бәрі тең деген түсінік іске аспай тұр деп айтуға болады. Бұл жалғыз халыққа жайылған оқиға. Ал бұндай қылмыстар қоғамда кезең-кезеңмен резонансқа ілінбей тұрақты орын алып жатыр. Дегенмен, дәл осы оқиға оқыстан болған дүние деп айтуға келмейді", - дейді мәжіліс депутаты.
Осы ретте әлуеметтік желінің тигізіп жатқан зияны да баршылық. Себебі қылмыскерлердің тағдырын романтизмге айналдырған фильмдер мен сериалдар ресми БАҚ құралдарында жарияланбайды, насихаттанбайды. Ал әлеуметтік желіде бұл дүниелер цензурасы жоқ деген сылтаумен тарап жатыр. Контентті нақты іріктеп отырып, қылмыстық сипаты бар және қылмыс жасауды насихаттайтын дүниелерге тыйым салу керек пе?
"Демократияның басы деп бос жіберіп қойдық. Әр нәрсеге шектеу қоймауымыз керек деп отырмыз. Алайда, осы жерде өзін-өзі қорғай алмайтын балаларды есептемей отырмыз. Бала деген өз құқығын білмейді. Сондықтан осындай «авторитеттерді» насихаттау арқылы олардың бойында еліктеушілікті туғызып отырмыз. Сол себепті балаларға қатысы бар дүниелерге шектеу қою керек сияқты. Заңды не заңсыз тұрғыдан іріктеу болуы керек. Мысалы суицид толқыны орын алды. Біз болары болған соң ғана қолымызды кеш сермеп отырмыз», - дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау.
Заңды қатаңдату керек пе?
Жарқынбек Амантайұлының келтірген статистикасы бойынша, 2019 жылы елімізде өлімге әкелген 843 қылмыс тіркелген, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 588 дейін төмендепті. Оның айтуынша, қоғамда қылмыс жасау сиреп келеді. Ол шындық. Бірақ ақпарат көп.
«Қоғамдық резонанс тудырған оқиғалардан соң коғамда қылмыс тіпті тежелмей тұр деген жансақ пікірге де қалатынымыз бар. Бұл ретте құқық қорғау органдарына халықтың сенімін арттыру өте маңызды екенін айтқымыз келеді. Оларға сенбей, барлығын сатқын, жемқор деп есептейтін болсақ, онда халық кімге сенеді? Басына іс түскенде халық әйтеуір осы құқық органдарына жүгінетінін ескерейік. Және бір қоғамдық резонанс тудырған оқиғадан соң заңды қатаңдату керек дегенмен келіспеймін. Қатаң заң бар, мәселе оның орындалуында», - дейді депутат.
Құқық қорғау органдары заңның орындалуына келгенде ақсап тұрғаны шындық. Талғарда жасалған қанды оқиға адамдық түсініктің өлшемінен шығып, шектен шыққандық. Дәл осындай оқиғалардың тергеу амалдары мен соты ашық өтуі тиіс.
"Қылмыстық кодексте 201-бап бар. Бұл қылмыстық істердің құпиялылығы туралы. Осы қылмыстық бапты қайта қарау керек. Тергеудің құпиялылығы деп, мемлекеттің не жеке азаматтың ар-ожданына қатысты істерде жасырудың қажеті жоқ жерде осы бапқа сүйеніп құпиялы жасап тастаймыз. Осыдан кейін көзі толық жетпеген халықтың бойында күмән пайда болады. Мен осы пікірді қолдаймын, сот ашық өтуі керек. Соңғы уақытта соттың ашық, тікелей эфирде өтуі белгілі бір деңгейде халықтың құқықтық сауаттылығын көтерді. Құқық қорғау органдарында адал принципті қызметкерлердің барын халық көріп, сенім арта бастады. Сондықтан құқық қорғау органдарының қызметкерлерін осы 201-бапқа сүйеніп, әр бір істі құпиялы ете бермеуге шақырамын", - дейді Жарқынбек Амантайұлы.
Заңгер Абзал Құспан да бұл пікірмен келіседі. Айтуынша, осындай резонанс тудырған оқиға шетелде орын алса, құқық қорғау органдары сол күннен бастап халықтың алдында есеп беріп отырады. Қазір мәжіліс деңгейінде қылмыстық кодекстің 201-бабы қарастырылып жатыр.
"Жарияланбауға тиісті істер бар, мысалы ұлттық қауіпсіздік саласында, немесе кәмелетке толмаған балаларға қатысты. Дегенмен нақты бір шегін белгілеу керек. Ал бізде қалай? Ауылда тауық ұрлап алса да, құпия деп тергеу амалдарымен бөліспейді", - дейді заңгер.
Ата-ана баласын еңбекке баулыса құлдыққа салғандай қараймыз
Қазақстанда бала тәрбиесі ақсап тұр дейді сарапшылар. Балаға мұғалімдердің ғана емес, тіпті туған ата-аналарының әмірі жүрмейтін жағдайға жеттік. Көрші елдерде білімнен бұрын, баланы тәрбиелеп, еңбекке баулуды алдыңғы қатарға қояды.
"Бізде кез-келген пән тек ауызша оқытылады. Тәжірибе жүзінде тәрбие ақсап тұр. Бұл қылмысқа қатысты да солай. Ауыр қылмыс жайлы біз ауызша айтпаймыз, түсіндірмейміз, бірақ бұның барлығын белгісіз адамдар көгілдір экранның арғы жағынан ақпараттандырып отыр. Сондықтан мәселенің себептерімен емес, салдарымен күресуді қарастыру керек. Кейбір, әсіресе жасөспірімдерге қатысты қылмыстар ашық өткені дұрыс. Бұл судьядардың да, құқық қорғаушылардың да жауапкершілігі", - дейді Жарқынбек Амантайұлы.
Ал мәжіліс депутаты Нұргүл Тау білім бергенде тек теорияға сүйену қателік екенін алға тартып отыр. Әсіресе балаларға заң мен құқық туралы пән оқытылғанда міндетті түрде тәжірибе де қатар жүруі керек деген ұсыныс тастады. Балаларды бас бостандығынан шектейтін мекемелерге апарып, сотталушылардың қандай баппен отырғанын көрсету керек. Көзімен көрген бала, шынымен қылмыстың салдары ауыр болатынын біліп өседі. Сонымен қатар, білім ордасында жарты күнін өткізетін балалардың тәрбиесіне мұғалімдер де жауапты екенін еске салды.
Қатыгездіктің шегі болмайтыны өте қорқынышты дейді заңгер Ляззат Ахатова.
"Шетелден келгісі келмейтін, немесе елден кеткісі келетін жастарды енді түсіндім. Біздегі "показуха" өмірден түңіледі екен ғой. Біздің елде жолың болу үшін, елге сіңірген титтей жақсылығың, не талантың болмаса да, ел алдында тойыңды дүркіреп өткізу үшін не ақшаң, не беделді жақының, не ойнасың, не лауазымың болу керек. Ол енді бәріне белгілі "аксиома" боп қалғалы қашан. Жаңа Қазақстан құрамыз дейміз ғой. Сенеміз. Үміттенеміз. Үміт ең соңында өледі емес пе? Бірақ..Кей көріністерден Жаңа Қазақстан дегеніміз - ескі Қазақстанның жаңаша түрі ме деген де ой келеді. Жәй жаңалар ескілердің орнын басқан", - дейді заңгер.
Бұл бүкіл Қазақстанның трагедиясы
Талғардағы жағдайды бір баланың өлімі, немесе бір отбасының трагедиясы деп қарамау керек, дейді журналист Ахметбек Нұрсила.
"Парламенттегі депутаттардың биліктен тәртіпті талап етуге дәрменсіздігі емес, ниеті жоқтығы. Олардың ниеті ақша ғана. Биліктің дәрменсіздігі емес, мемлекетте тәртіп орнатуға, елді дамытуға деген ниеті жоқтығы екенін көрсетті!
Кешегі АЭС салуға жасалған референдум халықтың рухының сынып, дәрменсіз болып қалғанын көрсетті. Бір топ жігіттер барып Талғарға тәртіп орнатқаннан, барлық Қазақстанда тәртіп орнай қоймайды. Халық болып, оянып, сайлауға барып, бақылаушы болып дұрыс депутаттар, дұрыс әкім сайлап алмайынша ештеме өзгермейді, біз құлдырағанның үстіне құлдырай береміз", - деп пікір білдірді.
Қоғамдық резонанс тудырған оқиға. Не болды?
Талғар қаласы. Бір сыра адам өмірінің құны болды. Масаң жігіт сыра алып, төлемегені үшін дүкен иелері мен сол азаматтың арасында жанжал туындайды. Ол телефон арқылы достарын шақырып, үш көлік жетіп келеді. Төбелестің соңы жасөспірімнің өлімімен аяқталады. Бір топ адам болып, анасының қолында ұлын пышақтап, ол аз дегендей басынан ұрып өлтіріп кетті. Шырылдаған анасының жанайқайы да тоқтатпады қылмыскерлерді. Көріп, сырттан бақылап отырған көршілері де тек видеоға түсіргені болмаса, жәрдемдесуге жарамады. Топ болып жабылып ұрып өлтірген Шерзаттың отбасы қара жамыбылып отырғанда, Қаскөйлер Шерзат марқұмның отбасына шүйлігуін қоймай тұр. Кеше түнде әке-шешесі тұрып жатқан үйін түгін қалдырмай өртеп жіберді. Полиция енді тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, бұл отбасын күзетпен қамтамасыз ететіндерін жеткізді. Енді нені күзетеді? Марқұмның әкесі "отбасымның қауіпсіздігіне алаңдаймын. Үйімді нөмірі жоқ көліктің торып жүргеніне 3 күн болды” дегенде ешкім селт етпеді ғой.
Бұл не сонда? Қылмыскерлер қоғамды қорқытпақшы ма?
Шырқыраған әкесі “полиция дүкен алдынан түсірілген видеоны өшіріп тастағанын” айтады. Не болса да, қылмыстық топтың арасында дөкейдің балалары бар деген сөз бекер шықпаған-ау. Видеода топырлап 15 адамның сұлбасы көрінеді. Қамалғаны жетеу. Әділдікті талап еткен марқұмның туыстары полиция депараментінің алдында жиналып, шеру ұйымдастырды. Оларды қолдап, жиналған халықтың қарасы көп. Олар да ашық соттың өтуін талап етіп отыр.
Әділ тергеу, ашық сот болсын! Қазір әлеуметтік желіде халық #ЗаШерзата хэштегі арқылы, бұл іске қатысы барлардың барлығы тиісті жазасын алуын талап етіп, барынша көмек көрсетіп жатыр. Қабырғаны қайыстырған қайғылы оқиға тағы да ел азаматтарын біріктірді. Елімізде заң болса да, оның орындалмауы, жазадан құтылып кететіндердің салдарынан туындап отырған шарасыздық.