Шетелде жағдай тұрақсыз: қазақстандықтар көктемде ел ішінде жақсы демала ала ма?

Бұл тақырыпты Caravan.kz медиа порталының тілшісі зерделеп көрді.

Біріншіден, кейбір өңірлердегі халықаралық ахуалдың тұрақсыз екенін ескерген жөн. Бұл – әуе рейстерінің кешігуі немесе мүлде тоқтатылуы мүмкін деген сөз. Қауіпсіздік мәселесін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл – шетелдік турларға қатысты жайт.

Екіншіден, ел ішінде демалу мәселесіне келсек, мұнда да бәрі керемет деп айту қиын. Тіпті жасанды интеллекттің өзі «Қазақстандағы туризмнің әлеуеті жоғары, алайда оны жүйелі мәселелер тежеп отыр» деп атап көрсетеді. Бұл – көптеген өңірлердегі жолдардың және инфрақұрылымның қанағаттанарлықсыз жағдайы, жол бойындағы сервистің төмен деңгейі, ең бастысы – бағаның қымбаттығы, білікті кадрлардың жетіспеуі және цифрландырудың әлсіздігі.

Сонымен қатар қонақүйлердің тапшылығы, қызмет көрсету саласындағы көлеңкелі нарықтың болуы, соның салдарынан сапа стандарттарының сақталмауы да өзекті мәселе болып отыр.

Осылайша, Қазақстанда туризмді дамытудағы басты кедергілер – инфрақұрылым мен логистиканың біркелкі дамымауы. Яғни танымал туристік бағыттарға апаратын жолдардың сапасының төмендігі, жол бойында дәретханалар мен санитарлық тораптардың жетіспеуі, қоқыс жинау жүйесінің әлсіздігі, электр қуаты мен таза ауыз суға қолжетімділіктің шектеулілігі секілді қарапайым өркениеттік жағдайлардың өзі толық қамтамасыз етілмеген.

Тіпті жұлдыз саны көп қонақүйлердің өзінде қызмет көрсету сапасы кейде бағаға сай келмейді. Кәсіби гидтер мен қонақүй қызметкерлерінің тапшылығы да сезіледі. Нәтижесінде қазақстандықтар ішкі туризмнің қымбаттығын ескеріп, кей жағдайда шетелде демалу арзаныраққа түсетінін мойындауға мәжбүр.

Бұл мәселеге заманауи қонақүйлер мен хостелдердің жетіспеуі де қосылады. Әсіресе мәдени және іскерлік туризм саласында тапшылық байқалады. Көптеген нысандарда онлайн-брондау жүйесінің жоқтығы да қолайсыздық туғызады. Бұған қоса, танымал туристік аймақтардағы табиғаттың ластануы мен қалдықтарды утилизациялау проблемалары жағдайды күрделендіреді.

Салалық тәуелсіз сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан Орталық Азиядағы туризм үшін ең қымбат елдердің бірі саналады. Бұл инфрақұрылымдық мәселелерді жедел шешуді ғана емес, қызмет сапасын арттыру үшін халықаралық брендтерді тартуды да талап етеді.

Ал ресми мәлімдемелерге сүйенсек, ҚР Мәдениет және туризм саласына жауапты құрылымдар үш негізгі туристік бағытты дамытуға басымдық беріп отыр. Олар: Алматылық тау кластері, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы және Маңғыстау туристік өңірі.

Комитет өкілдерінің айтуынша, бұл аумақтар үшін инфрақұрылым құруды, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды, саланы ілгерілетуді және цифрландыруды қамтитын кешенді даму жоспарлары бекітілген.

Алматылық тау кластері аясында жұмыс істеп тұрған тау-шаңғы курорттарын кеңейтіп, оларды бірыңғай жүйеге біріктіру көзделіп отыр. Жоспар бойынша қосымша 30 аспалы жол мен 161 шақырым шаңғы трассасы салынбақ. Бұл қазіргі жүктемені азайтып, жыл бойғы туристер ағынын бес миллион адамға дейін жеткізуге мүмкіндік береді делінуде.

Щучинск-Бурабай курорттық аймағында жүктемені Щучье мен Бурабай көлдерінен Катаркөл, Кіші және Үлкен Шабақты, Жөкей көлдеріне бөлу жоспарланған. Алайда, мысалы, орманның қақ ортасында орналасқан Катаркөлге жол салу мәселесі қалай шешілетіні әзірге түсініксіз. Өйткені бұл аумақ – ерекше қорғалатын табиғи аймақ, мұнда орманды кесуге немесе ірі инфрақұрылым нысандарын салуға заңмен шектеу қойылған. Дегенмен комитет өкілдері 2029 жылдың соңына дейін келетін шетелдік туристер санын 94 мың адамға жеткізуге үміт артып отыр.

Үшінші бағыт – Маңғыстау өңірі. Бұл аймақта туризмді дамыту аса сақтықты талап етеді. Өйткені Бурабайдағы табиғи тепе-теңдіктің бұзылу тәжірибесі қайталанбауы тиіс. Қазіргі таңда ғалымдар мен жергілікті билік табиғатты қалпына келтіру жолдарын іздестіріп отыр.

Маңғыстау – ашық аспан астындағы музей іспетті өлке. Мұнда сирек кездесетін эндемиктері бар Үстірт қорығы орналасқан. Сондықтан өңірдің табиғи ландшафттары ерекше қорғауды қажет етеді. «Жылы жағажай» мен «Кендірлі» курорттық аймақтарын дамыту, Бозжыра немесе Тамшалы сияқты бірегей табиғи нысандарға қолжетімділікті арттыру, жаяу маршруттар мен шолу алаңдарын салу жоспарлары бар. Алайда мұндай бастамалар кей сарапшыларды қуантудан гөрі алаңдатады. Себебі бұған дейінгі «туризмді дамыту» тәжірибелері табиғатқа кері әсерін тигізгені белгілі.

Осылайша, қазақстандықтар үшін көктемгі демалыс таңдауы оңай болмайын деп тұр: шетелде – геосаяси тәуекелдер, ел ішінде – инфрақұрылымдық және баға мәселелері. Ал туризмді дамыту жоспары мен оның нақты нәтижесі уақыт еншісінде.