Шетелден жеткізілген қойдың мұздатылған ұрығы нәтиже бере бастапты

Бірақ қанша әрекеттенгенмен уақ малдың жалпы саны 1990 жылға дейін 35 миллионнан асқан жоқ. Қазір заман басқа. Елбасы ет экспортын ұлғайту міндетін қойып отыр. Бұған мал тұқымын асылдандыру арқылы жетуге болады. Гемпшир және суффольк тұқымдарын будандастырған қазақ ғалымдары қой тұқымының жаңа типін шығарды. Оны ерте жетілетін етті бағыттағы қазақ қойы деп атап отыр. Алматы облысының Ақсу ауданындағы «Көктем» шаруа қожалығымен төрт жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары таңғаларлық нәтижеге қол жеткізді. Шаруа қожалығы 2008 жылы мұндай тұқымның мұздатылған ұрығын алып келіп, тәжірибе жасаған. Қазір олардан тараған төлдің басы 1 мыңнан асып отыр. 

Алынған төлдің салмағы өзі қатарлы қозылардан анағұрлым артық. Мәселен, кәдімгі ақ қойдың төрт айлық қозысы он үш келі ет берсе, асылтұқымды қозы жиырма келіге дейін таза ет береді. Ал тірідей салмағы елу келіге дейін жетеді.

Алмасбек Садырбаев, Шаруа қожалығының басшысы: 
-Төрт айлық қозы 27 килограмм салмақ берген. Біздің ол жетістігіміз. Ал енді жаңағы өзіміздің қошқарға келетін болсақ, жаңағы шетелден алып келген ұрықпен ұрықтап алған қошқарлардың салмағы бүгінгі күнге біздің шаруашылықтың рекорды – 119 килограмм
.

Аймақтың ынта білдірген шағын шаруашылықтары мен ғалымдардың еңбегі нәтижесінде мұндай қойлардың саны қазір 12 мыңға жуықтады.

Гемпшир де, суффольк та кәдімгі ақ қойға (мериносқа) ұқсайды. Тек гемпширдің сирағы мен басы сарғыш-қоңыр болса, суффольктар қап-қара ке­ле­ді. Әрі бұл қойдың арқасы жалпақ, сирақ­та­ры ұзын да қайратты. «Қыста қарды ар­шып жайылуға өте бейім» дейді маман­дар. Бұлардың қошқарлары 120-140 келіге дейін тартса, саулықтарының тірілей салмағы 70 келіге дейін жетеді. Суффольк таза етті бағыттағы мал болса, гемпшир етті және жүнді. Орта есеппен гемпшир қойы 5-6 келіге дейін жүн береді.



Бұлар Көксу, Қаратал, Ақсу аудандарының шаруа қожалықтарында бағылуда.

Владимир Спиваков, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:  
-Ең басты қасиеті, тез жетіледі. Етті мол береді. Бұларға ерекше күтім де қажет емес. Біздің жердің табиғатына, жем-шөбіне ыңғайлы. Сондықтан мұндай қойларды өсіргендер ешқашан ұтылмайды.

«Көктем» шаруа қожалығының жетек­шісі – Алмасбек Садырбаев. Оның айтуын­ша, жергілікті билік өкілдері шаруашы­лықты өркендетуге құлықсыз. «Мен жылына 5-6 тонна қой жүнін өткіземін. Соған субсидия алу үшін ауданға барсам, ондағылар анау жоқ, мынау жоқ деп кедергіні қолдан туғы­зып отыр.

Қайта-қайта шапқылаудан шар­ша­дым»,– дейді шаруа. Былтыр қожалық 300-ден астам асылтұқымды қошқар сатқан. Қазір гемпшир мен суффолькқа ТМД елдері тарапынан, тіпті Ираннан да сұраныс түсіп отыр. «Бірақ қойды экспорт­тау­ға кедер­гілер көп. Карантинді бір деңіз, кедендік органдардың кедергісін екі деңіз, одан қала берді, шекарашылардың шарша­таты­ны тағы бар», – дейді ол.

Елбасының биылғы халыққа жолдауында үкіметке мал шаруашылығының өзге са­ла­ларын, әсіресе қой шаруашылығын да­мы­ту туралы тапсырма бергенін ескерсек, кәсіп­керге кедергіні қолдан туғызып отыр­ғандар­ға бір түрткі керек-ақ тәрізді.