Қазақстандықтарға ғаламтордың көмегімен танылып үлгерген әнші Сон Паскальдың бұл бейнебаяны «You should seak қазақша», яғни «Сен қазақша сөйлеуге тиіссің» деп аталады. Бұған дейін қазақтың бірнеше әнін орындап, жергілікті жұртшылықтың ықыласына бөленген итальян әншісінің Қазақстан жеріне келгеніне жарты жылдай уақыт болыпты.
«Мен ағылшын және итальян тілдерінде сөйлеймін. Бірақ орыс тіліне қарағанда қазақ тілін үйрену мен үшін қиын болған жоқ. Қазақстанның ірі қалаларының тұрғындары қазақ тілінде кейде менен де нашар сөйлейтін көрінеді. Сол себепті Қазақстанның мемлекеттік тілін насихаттап, қазақ бауырларға «Қазақ тілінде сөйлеңдер!» дегім келеді. Клипті түсірудегі мақсатым да осы», - дейді Сон Паскаль.