Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz -ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ол Қазақстан азаматтығынан айырылған балаларға ақша аударылғаны туралы ешқандай факт естімегенін айтты.
"Шетелдік балаларға ақша аударылғаны туралы бірде-бір деректі естіген жоқпын. Мұндай ақпарат анықталса, әрине, тиісті шаралар қолданылады. Жобаға қатысудың маңызды шарттарының бірі – Қазақстан азаматтығы. Егер бала ел азаматтығынан айырылса, түскен ақша елде қалады. Барлық баланың шоты БЖЗҚ-да жинақталған, ондай жайт болғанның өзінде ақша ешқайда кеткен жоқ, себебі қазір ол бірыңғай оператор ретінде БЖЗҚ депозиттік шотында жинақталған. Біз оларды жеке банк шоттарына жібермейміз, бұл ақшаның бәрі Қазақстанда", – деді Ержан Біржанов.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық балалар президенттің бастамасымен қолға алынған "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы бойынша ақшаны 1 ақпаннан кешіктірмей алатыны айтылған еді. 1 ақпан күні Ұлттық қордан алғашқы төлемдер түсе бастады. Ұлттық қордан балаларға 700 миллион доллар бөлінді.