Сүйекке таңба болып жаппай тірі жетімдер қаптаған шақта оларды шетелдік асыраушылардың қолына тапсыру үрдіске айналған-ды. Соның зардабы бұл. Сарапшылар 18 ай бойы Америкалық ата-аналардың қолына түскен шетелдік балғындардың өмірін зерттепті. Сорақысы сол, олар асырап алған балалары қылық шығарса ғаламтор арқылы арызданып басқа шаңыраққа сыйға тарта салады екен. Қолдан қолға кеткендер негізінен 6 мен 14 жас аралығындағы балғындар. Арасында 4 қазақстандық бар. Әзірге олардың аты-жөндері аталмай отыр.
- Бұл ұсталған көліктерді сатқанмен бірдей ғой. Заңдылық. Егер балаңды бұзық, тәрбиесіз десең ешкім алмайды сондықтан басқа отбасы алып кету үшін жақсы қырын ғаламторға жазуға мәжбүр боламыз.
Мұрты едірейген бұл еркек 16 жасар ресейлік Анна Барнстың өгей әкесі, жанында шешесі. Қызды Ресейден 7 жасында аттай қалап асырап алған екен. Басында бәрі жақсы болған алайда бірнеше жылдан соң Аннадан іргелерін алыс салған Исондар отбасы оны бөтен шаңыраққа бере салыпты. Жаңа жерде оңдыртпаған. Аннаны иттермен бірге қораға қамап ұстаған. Кейде өгей ата-анасымен бір төсекте жатуға да мәжбүрлеген.
Анна Барнс:
- Егер менің бір қылығым ұнамай қалса мені қолдан қолға жіберетін. Ата-аналарым жиі ауысатын, ешбірі адам құрлы көрген емес мені.
Бұл Қытай қызы Нора Гейтли. Туғаннан мүгедек болған бөбекті америкалық отбасы асырап алуға ниет білдіріпті. Сырқатына сеп боламыз деп сендірген. Алайда мұхит асқан жасөспірім жанының қатты қиналғанын жанарына жас алып айтады.
Нора Гейтли:
- Өгей анам ашуланып: үйден кет, күректі ал да өзіңе мола қазып ал деді. Сенің өлі-тірің мені алаңдатпайды, бәрібір сені ешкім іздемейді деп ұрысты.
Даудың басы осы кеткен сәбидің тағдырын артынша ұмытып кететін қыршаңқы қылықта болып тұр. 18 жасқа дейін тарихи Отанының азаматы боп саналатын бөбектерді баланы асыруға берген елдер жадыдан шығарады екен. Ай сайынғы міндетті есепті де ешкім сұрамаса керек. Іспен қазір АҚШ-тың құзырлы органдары айналысуда. Қазақстандық шенеуніктер де мән-жайды жақын күндері анықтаймыз деп отыр.
Владислав Косарев, Мәжіліс депутаты:
- Бала деген киім емес. Бұл балалар, Америка болсын басқалар болсын беруге болмайды. Сатуға емес асырап алуға да рұқсат бермеу қажет. Бізді безбүйрек ел ретінде көрсетеді мұндай қылық. Соның кесірінен дәл осындай қорлықтар болып жатыр.
Жетімдерді жүздеп шекара асырғанымыз күні кеше ғана. Соның салдары, жаздың басында америкалық Мэйоттар отбасының 9 жыл бұрын қазақ жерінен асырап алған екі жасөспіріммен жылдар бойы жыныстық қатынысқа түсіп келгені әшкере болған. Бұл мыңнан бірі ғана. Өйткені бүгінгідей ғаламтор арқылы жетімдердерді қолдан қолға ақысыз бере салатын ата-аналарға қарсы заңдық жаза жоқ екен.