Сот Берік Рысалдинов пен Сарқыт Салхановтың әрқайсысының бас бостандығын екі жыл алты айға шектеді. Қалған үш азамат: Нұрбол Мұхаметалин, Бейбіт Мұхаметалин және Еркін Салхановтың бас бостандығы екі жылға шектелді. Сот сонымен бірге бес азаматтың әрқайсысын 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеді. Бұған қоса, олар 72 мың теңге көлемінде сот шығынын өтеуге, жәбірленуші жақтың шығынын өтеу үшін 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 37 мың теңге) айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл ақпаратты олардың адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады, деп жазды Азаттық радиосы
Сейсенбі, 24 желтоқсанда олардың прокурормен процессуалдық келісім жасайтыны туралы хабарланған еді. Адвокат Жанар Балғабаеваның айтуынша, кеше процессуалдық келісімге қол қойылып, сотқа өтініш түсірілген. Бүгін өтінішті қараған сот оны қанағаттандырған. Бес жігіт сот залынан босатылған.
Сот ғимаратынан шыққан қызылағаштық бес жігіт және оларды қолдап келген жұрт. Алматы облысы, 25 желтоқсан 2019 жыл.
Адвокат мұндай шешімнің шығуына "халық қолдауы да әсер еткенін" айтты.
- Жігіттер әу баста-ақ өздерінің кінәларын мойындаған. Процессуалдық шешім қанағаттандырылды. Менің тәжірибемде адамдар процессуалдық шешімге өте сирек барады. Нақты жағдайда бұл азаматтардың бостандығы отбасына маңызды болды, - деді Жанар Балғабаева соттан кейін Азаттық тілшісіне.
Бір күн бұрын сот ғимаратының сыртында халық айыпталушылар отырған газельді жібермей, оларды босатуды талап еткен еді. Омон жасақтары келіп, жолды аршуға тырысқанмен "бостандық!" деп айқайлаған жұрт көліктің жүруіне мұрсат бермеді. Ақырында прокурор келіп, "айыпталушылардың процессуалдық келісімге келіп жатқанын, ертең бостандыққа шығатынын" айтқан. Тек содан кейін халық тараған.
"Citic Construction" компаниясының Қытайдан келген жұмысшыларымен төбелесті делінген Қызылағаш ауылының бес тұрғынының соты 20 желтоқсанда басталған еді. Оларға Қылмыстық кодекстің "қару я суық қару қолданып денсаулыққа зиян келтіру" (293 баптың 3-тармағы) бабы бойынша айып тағылды.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, 2019 жылдың 8 қазан күні Қызылағаш ауылының бес тұрғыны Қытайдың жиырма шақты азаматын соққыға жығып, оның 11-і жеңіл, үшеуі орта деңгейде жараланған.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жанжал алдымен Қытайдың төрт жұмысшысы арасында басталып, кейін төбелеске ұласқан. Барлығы – "Citic Construction" компаниясының жұмысшысы. Төбелестен Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсаты бар Қытай азаматы, этникалық қазақ жарақаттанған.
Департаменттің мәліметінше, "келесі күні жергілікті тұрғындар мен "Citic Construction" компаниясында жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары "істің байыбына бармай Қытайдан келген жұмысшыларды ұрып-соққан". Этникалық қазақпен төбелескен Қытай азаматтары әкімшілік жазаға тартылып, 10 күнге қамалған. Кейін олардың елден шығарылғаны да хабарланған. Тексеріс кезінде "Сitic Constraction" компаниясында 33 шетелдік заңсыз жұмыс істеп жүргені анықталған.
Қараша айының ортасында Алматыда жиын өткізген бір топ құқық қорғаушы мен белсенді шетел жұмысшыларының әкімшілік жазамен ғана құтылғанын, ал жергілікті жұмысшылардың қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқанына наразылық білдірген. Алматы облыстық полиция департаменті Қытай азаматтарына не үшін әкімшілік жаза қолданылғанын, ал Қазақстан азаматтарына қылмыстық іс қозғалғанын нақты түсіндірмеген.