Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту бағдарламасын қайта қарап шығу қажет

«Сіздерден 2014-2016 жылдарға арналған Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту бағдарламасын облыс, аудан басшыларымен, парламент депутаттарымен бірлесіп, тағы бір рет қарап шығуды өтініп сұраймын. Сонымен қатар, 2014 жылдың бюджетін қайта қарау барысында жолдарды жөндеу, ескі үйлерді бұзу және жер телімдерін сатып алу сынды негізгі шараларға қосымша 3 млрд теңге бөлуді өтінемін», - деді сенатор бейсенбі күні үкімет басшысы Серік Ахметовтың атына жолдаған депутаттық сауалымен таныстыру барысында.

Оның айтуынша, бағдарламаны іске асыру барысында «айтарлықтай қиындықтар туындай бастаған». «Мәселен, 2012-2013 жылдарға жоспарланған 17,8 млрд теңгенің бар-жоғы 5 миллиарды ғана немесе 28 пайызы бөлінген. 2014-2016 жылдарға арналған Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту бағдарламасына бастапқыда 103 іс-шара енгізіліп, оған 66 млрд теңге бөлінуі тиіс болатын. Кейін бағдарлама шеңберінде атқарылатын шаралар 47-ге дейін қысқарды. Ал, орталық мемлекеттік органдармен кеңесу барысында небәрі 29-ы ғана қалдырылды. Бұл қажеттіліктен 3,5 есе кем», - деді С.Жалмағамбетова.

Депутаттың сөзіне қарағанда, әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымдар тартуға бағытталған іс-шаралардың басым бөлігі қолдау таппаған. «Мұндай тәсіл курортты аймақты дамытуға қолайлы жағдай тудыруға мүмкіндік бермейді. Бізді әсіресе, емхана, баспана, жолдар салу, ескі үйлерді бұзу, жер телімдерін сатып алу сынды мәселелердің шешімін таппағаны алаңдатып отыр», - деді ол.


«Курортты аймақтың дамытылуына байланысты жұмыс орындары салынады. Сондықтан баспана мәселесінің өзектілігі арта түсетіні түсінікті. Соған қарамастан, бұл мәселе бағдарламадан алынып тасталған», - деді депутат.

Оның ойынша, Щучинск, Бурабай мен өзге де елді мекендердің сырт келбетін өзгертпей курортты аймақты тартымды ету мүмкін емес.