Бұл туралы Сaravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Алтай аудандық сотының мәліметіне сүйенсек, ШҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы аңшының үстінен сотқа шағым түсірген. Белгілі болғандай, ер адам құзырлы органнан 8 бұлғын аулауға рұқсат алған.
Алайда ол рұқсатта көрсетілген шектен асып, 25 бұлғынды атқан. Осының салдарынан мемлекетке келтірілген шығын мөлшері 2 001 080 теңгені құрады.
«Сот мемлекетке келтірілген материалдық залалды өтеу туралы талапты заңды деп тауып, қанағаттандырылуы тиіс деген қорытындыға келді. Сот шешімімен азамат шығынды толықтай өтеуге міндеттелді», - делінген ақпаратта.
Ер адам бұл шешіммен келіспей апелляциялық шағым түсірген. Десе де апелляциялық сот үкімді еш өзгеріссіз қалдырды.