Шолпан Мәмбетова: «Ұлым толық жазылғанша тоқтамаймын»

«Ұлыма орталықтағы барлық сабақ ұнады, бір аптадан соң киімді таңдап киетінді шығарды. «Мен әдемі болуым керек, ана киімді, мына киімді кигіз» деп өмірге құлшынысы арта түсті. Аллаға шүкір, қазір толық болмаса да, бұл дертті 60-70% жеңдік деп ойлаймын. Қазір тек физикалық емес, ой-қабілетін де дамытуға әрекеттеніп жатырмын. Ұлым толық жазылғанша тоқтамаймын», - дейді Нұрсұлтанның анасы Шолпан Мәмбетова.

Қазір ол ұлы үшін үйде психолог та, логопед те, дефектолог та, тіпті клоун да болуға дайын. Ең бастысы, баламның тілі шықса болғаны дейді. Айтпақшы, Нұрсұлтан орталықта жүргенде 5 жасында батыр қылып киініп, ту ұстатып, билеуді үйренген екен. Бұған қазылар алқасы таң қалған көрінеді. Шолпанның айтуынша, мұның бәрі «Қамқорлық» орталығындағы мамандардың арқасы. Болашақта ұлын толық емдеп, ешкімге қол жаймай өз күнін өзі көретіндей деңгейге жеткізгісі келеді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2019 жылдан бері іске асқан инклюзияны дамыту жөніндегі «Қамқорлық» жобасының маңызы зор. Бүгінге дейін 14 оңалту орталығы, 11 ерте араласу орталығы, аутизмі бар балаларға арналған 4 орталық пен 16 инклюзияны қолдау кабинеті ашылған. Бұл облыстық әкімдіктің қолдауымен «Қамқорлық қоры» КҚ жүзеге асырып отыр. Ал оңалту үшін жолдаманы ата-аналар тұрғылықты жері бойынша орналасқан емханадан ала алады.