Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол Дина Төлепбергенге берген сұхбатында актриса ретінде халыққа кең таныла бастаған шақта режиссердан "бірге көңіл көтеруге" ұсыныс түскенін мәлімдеді.
"Қорлан образымен танылғаннан кейін көптеген жобаларға ұсыныс келді. Солардың ішінде көңілімді қалдыратын ұсыныс болды. Сол кезде шоу-бизнесте қыздардың көбісі төсек арқылы көтерілетініне көзім жетті. Қорлан рөлінен кейін мені барлық режиссерлар құрметтейді деген ойда болдым. Басты рөлдерді береді деген оймен кастингтерге барып жүрдім. Тіпті кастингсіз де өтетін шығармын деп ойлар да болған. Кастингтердің бірінде режиссер "Кешке шарап ішіп, көңіл көтерейік" деді. Ал мен ол кісінің жанұясы, балалары бар екенін білемін. Сондықтан бұл ұсынысты шок ретінде қабылдадым. Батыстың қызы болғаннан кейін өте дөрекі формада жауап бердім. Үйге келіп намыстандым. Актрисаның ғұмыры қысқа ма деп ойладым", - дейді продюсер.
Құралай Анарбекованың айтуынша, бұл оқиға оны продюсерлік жолға алып келген.
"Кішкентай кино бизнесте осындай ұсыныс жасау мен үшін үлкен ұят. Режиссердің басшысы кім деп ойлана бастадым. Ол - режиссерге ақша беріп жобаларға шақыратын продюсер. Қай жақтан білім алып келсем екен дедім. Мәскеуден білім алып келсем, құндырақ болатын шығармын деп ойладым. Сәті түсіп Мәскеуде білім алып, Қазақстанға келдім. Ештеңе өзгермеген, баяғы жартас сол жартас. Бірақ мен сол екі жылдың ішінде басқа адам болып келдім. Маған ұсыныс жасаған режиссерді қазір көп естімеймін. Бірақ ол кісіге рақмет айтамын. Егер сол жерде сол ұсыныс болмаған кезде мүмкін мен продюсер де болмас едім. Жақында естідім, маған сәлем айтып жіберіпті. Егер мұндай ұсыныстарға "иә" деп жауап берсе, біздің киноиндустрия кішкентай. Бәріміз бір-бірімізді танимыз. Ол қазір болмаса да бір уақытта шығады. Сенің намысыңа тиеді. Жақсы нәрсеге алып бермейді. Не де болса еңбегіңмен, күшіңмен, талантыңмен өзіңді көрсетсең болды", - дейді ол.